Ұлттық парктердегі жерді 49 жылға жалға беру туралы ұсыныс та айтылды
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов фермерлерге агротуризммен айналысу құқығын беруді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Фермерлерге өз учаскелерінде агротуризммен айналысу құқығын беру. Қазіргі таңда елімізде 200 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Бұл шара ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын құруға, ауылдардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді», - деп мәлімдеді министр Үкімет отырысында.
Сонымен қатар, Мырзабосыновтың айтуынша, туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін ұлттық парктерде жерді жалға беру мерзімін 49 жылға дейін ұлғайту бойынша заңнамалық жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл экотуризмді дамыту үшін инвестиция тартуға және инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік бермек.
«Қонақ үй сервисінің сапасын арттыру үшін қонақ үйлерді жіктеу жүйесін реформалау жоспарлануда. Қолданыстағы критерийлер 2008 жылдан бері өзгертілмеген. Яғни заманауи халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. Туристердің сапарын жеңілдетіп жайлы ету мақсатында шекаралық өткізу бекеттерінде ұйымдастырылған туристік топтарға басымдық беру – жасыл дәліз тетігін енгізу көзделуде. Қазіргі уақытта бұл механизм Ресей мен Қырғызстан шекарасында пилоттық режимде жұмыс істеп тұр», - дейді министр.
Бұдан бөлек министр өңірлерде туризмді дамытуға басымдық беру үшін жеке туризм басқармаларын құру мәселесін қарастыру қажет деп есептейді. Айтуынша, қазір бес өңірде ғана жеке басқарма бар, тағы екі өңірде ашу пысықталып жатыр.