«Өзбек бауырларға сын жоқ»: шенеунік Қазақстанның туризмі осы елден қалып жатыр деп есептемейді
Біз көрші елдерден алда келе жатырмыз дейді вице-министр

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Қазақстандағы туризм саласының дамуын неге көрші Өзбекстанмен салыстыруға болмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Еркінбаевтың айтуынша, Өзбекстан туризмге ақша аяп жатқан жоқ.
«Өзбекстан туризм саласын дамыту үшін маңызды қадамдарға барып отыр. Олар бюджетті аямай құяды, Ташкентте ғана емес, бүкіл қалада инфрақұрылым салып жатыр. Барлық ұлттық паркті дамытып, қомақты қаражат инвестициялаған. Жаңа әуе бағыттарын ашып жатыр. Бұл жерде өзбек бауырларымызға ешқандай сын айта алмаймыз, өйткені олар маңызды қадамдар жасап жатыр. Ал бізді Өзбекстанмен, Грузиямен, Әзербайжанмен салыстырсақ, онда елдің аумағын да салыстырайық. Кішкентай Өзбекстанның бес қаласынан көшеде көп итальяндық қыдырып жүргенін көрсеңіз, ал біздің Павлодарға барып, шетелдіктерді кездестіре алмасаңыз, әрине сұрақты осы тұрғыдан қойған ыңғайлы. Алматыда туризм қалай дамып жатқанын неге қарамайсыз, мысалы», - дейді ол Үкіметтегі брифингте журналистердің сұрағына жауап беріп.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстандағы туризм мен Өзбекстандағы туризмді салыстыруға келмейді. Себебі екі түрлі масштаб.
«Бүкіл Өзбекстанда сапалы жол салу мен бүкіл Қазақстанда сапалы жол төсеу екі түрлі ауқымдағы жұмыс. Өзбекстанды не Грузияны байланыспен қамтамасыз ету және Қазақстанның бүкіл туристік аймағына мобильді байланыс тарту – екі түрлі ауқымдағы жұмыс. Дегенмен, біз маңызды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Үкімет дұрыс шараларды қолға алып отыр. Біз көрші елдерден қалып келе жатырмыз деп айта алмаймын, біз олардан алда келеміз», - деп санайды Еркінбаев.