Қаражат ауыл шаруашылығын қаржыландыруға жұмсалады
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі Қытайдың Сауда-өнеркәсіп банкінен (ICBC) 400 миллион юань қарыз алды. Бұл туралы холдинг басшысы Рустам Қарағойшин айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күні кеше «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Қытайдың Сауда-өнеркәсіп банкінен алғаш рет юаньмен қарыз алғаны хабарланған. Бүгін Үкіметте өткен брифингте Рустам Қарағойшин оның сомасын нақтылады.
«Бұл кеше болған өте маңызды оқиға және бұл тек қана басы. Қарыз көлемі — 400 миллион юань. Мұның маңыздылығы — біз алған юань құны өте жақсы, біздің инвестициялық жобаларға сәйкес құнын құрайды. Біз бұл қаражатты ақыр аяғында 7-8 пайыз юаньда 10-15 жылдық жобаларға жібереміз», − деді басқарма төрағасы Azattyq Rýhy тілшісінің сұрағына жауап беріп.
Оның айтуынша, бұл қарыз өсімдік шаруашылығына жұмсалды.
Айта кетерлігі, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі АҚ жалғыз акционері – ҚР Үкіметі.