Депутат әзірге ең төменгі шекті бұдан артық түсіруге болмайды деп санайды
Мәжіліс депутаты, AMANAT фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин салық кодексінің жобасына түзету ұсынып, қосымша құн салығының шегін 40 млн теңге етемін дейді. Бұл туралы ол Мәжілістегі Салық кодексінің жобасына қатысты үкіметтің жаңа бастамаларын талқылау жөнінде өтіп жатқан дөңгелек үстелде мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жалпы, Жаңбыршин үкімет дайындаған салық кодексінің жобасы бизнесті дамыту үшін стимул ұсынып отырған жоқ дейді. Яғни, депутат атап өткендей, Қазақстан өндірісін дамытпай, шикізатқа тәуелді ел бола отыра бизнесіне мұнша көлемде қосымша құн салығын сала алмайды. Оның үстіне, қосымша құн салығының шегін 15 млн теңгеге түсіреміз деп отырған үкімет көлеңкелі экономиканы азайта алмайды.
«Көлеңкелі экономиканы азайту үшін қосымша құн салығының шегін 15 млн теңгеге түсірсек, бәрі жүгіріп келеді деп ойлайсыздар ма? Бос әңгіме. Сендер (үкімет) шегін бірден 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге түсірмеңдер. Онанша, 40 млн теңгеге түсірейік, шамамен 3 жылға. Содан не боларын көрейік. Яғни, салық жүйесі ашық бола ма, жоқ па, қарайық. Егер 40 млн теңгені 12 айға бөлсеңіздер, айына 2 млн теңге шамасында болады. Ал, қазір бұл ақша 2 млн теңге әркімнің қалтасында жүр. Мен түзету беріп, шегін 40 млн теңге деп ұсынамын. Максимум 40 млн теңгеге түсіреміз. Сосын, 3-4 жыл қарайық, жақсы боолса, ары қарай түсірейік, болмаса, солай тұрсын», - дейді Жаңбыршин.