Нысаналы трансферттің сомасына шектеу енгізілмек
Болашақта Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген және нысаналы трансферттердің сомасы 2,6 триллион теңгеден аспауы мүмкін. Бұл туралы вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қазір Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферттің сомасы шектелмеген.
«Біз енді соның сомасын шектеуді жоспарлап отырмыз. Қазір кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2 трлн теңге болса, нысаналы трансферт осы кепілдендірілген трансферттің 30 пайызынан аспайды. Яғни, нысаналы трансферт максиммум 600 млрд теңге болады», - деп түсіндірді Жұманғарин Сенат кулуарында.
Осылайша келешекте Ұлттық қордан 2 трлн теңге кепілдендірілген трансферт, ал нысаналы трансферт ретінде 600 млрд теңге бөлінбек.