Қазақстан алтын-валюта қорын қай елде сақтайтынын құпия ұстайды
Ресейдің Орталық банкі ашық жариялайтынын мәлім етті, Қазақстанның Ұлттық банкі неге жасырады?
Қазақстан қаржыгерлері соңғы жылдары алтын қоры көрсеткіші бойынша еліміз алғашқы 15 мемлекеттің сапында екенін айтып жүр. Тіпті бұл салада Сауд Арабиясынан озып, 2018 жылы Ұлттық банк отандық өндірушілерден 33 тонна аффинаждалған алтын сатып алған. Басты қаржы реттеушінің «Azattyq Rýhy» ақпарат агенттігінің ресми сауалына берген жауабына қарағанда 2011 жылдан бастап бұл салада қарқынды даму байқалады.
Қазақстанның алтын валюта қоры қанша?
Дүниежүзілік алтын жөніндегі кеңестің (World Gold Council) алтынның ресми әлемдік резерві туралы мәліметтері мен Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) деректері негізінде жасалған ақпаратқа сенсек, 2019 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан әлемде 15-орынды сақтап қалған. Қазақстан алтын қоры бойынша 2011 жылдың соңында 39-орында болатын.
«Соңғы 8 жылда алтынның қоры төрт есеге ұлғайды. Қыркүйектің соңында алтынның портфелі 377,6 тоннаны ($18,05 млрд.) құрады. Алтын қорының үлкен бөлігі Қазақстанда сақталуда, қалғаны – кредиттік сапасы жоғары ірі банктердің металл шоттарында және шетелдік сақтау орындарында сақталуда»,- делінген жауапта.
ҚР ҰБ халықаралық резервтері қыркүйектің соңындағы жағдай бойынша $28,8 млрд болды. Оның құрылымы алтынмен сақталатын активтермен 63%, ал валюталық активтермен қалған 37%-на тең. Алайда еліміздің орталық банкі алтын-валюта активтерінің портфеліндегі инвестициялардың көлемі мен оның нақты қай елде сақталатыны туралы деректерді құпия ұстауды жөн санайды.
«Ұлттық Банк валюталық резервтерді шетел валютасымен инвестициялайды, яғни ол шетелде сақталады, бұл халықаралық практикаға толық сәйкес келеді. Алтын-валюта резервтерінің валюталық бөлігі дамыған елдердің (АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Австралия, Канада, Германия, Нидерланды, Финляндия) сияқты сенімділігі жоғары тәуелсіз облигацияларында, кейбір дамушы елдердің облигацияларына салынған. Инвестициялық кредиттік рейтингі бар компаниялардың облигацияларына, жеке капитал, хедж-қорлар, жылжымайтын мүлік нарығында. Валюталық резервтер әртараптандыру мақсатында және мақсаттарына қарай, басқарылуы Инвестициялық стратегияға сәйкес жүзеге асырылатын портфельдер бойынша бөлінген. Алтын валюта активтерінің портфелі инвестицияларының көлемі туралы ақпарат әрбір ел бойынша деректердің құпиялылығына байланысты таратуға жатпайды»,- делінген Ұлттық банк жауабында.
Бағалы металл құнының әлемдік өсуіне байланысты ҚР ҰБ-нің алтын портфелі АВА портфельдерінің арасында аса үлкен кіріске ие болған. Жыл басынан бері ол 17,21%-ды көрсетті. Бұл 2019 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша деректер.
Ресей алтын-валюта қорын қайда сақтайды?
Бірақ көрші Ресейдің Орталық банкі өзінің алтын-валюта қорының 13,4 пайыз активін Қытайда сақтап отырғанын жария етті. Басқа елдердің қорларында сақталған активтер туралы да мәліметтерді ашық дерек көздерінен оңай алуға болады. Ресей Қытайға құйған өз салымынан бір жылда 8,7 пайыз пайда көрген. РБК сайтының хабарлауынша, Қытай сыртқы елдердің алтын-валюта қорын сақтау бойынша алғаш рет әлемдік рейтингте көш бастады. 2018 жылдың сәуір айындағы мәлімет бойынша, алдыңғы орында АҚШ болатын. Алайда Америкада алтын сақтағысы келетін елдер саны 29,2% пайыздан 10,2% пайызға төмендеп кеткен. Сол сияқты Жапонияның үлесі де 1,7 пайыздан 10,2 пайызға артқан.
1. Ресей банкінің алтын қоймасында— 18,2%;
2. Қытай — 13,4%;
3. Германия — 13,2%;
4. Франция — 11,6%;
5. Жапония — 10,2%;
6. АҚШ — 9,2%;
7. Ұлыбритания— 5,9%;
8. Халықаралық ұйымдар— 4,3%;
9. Нидерланд — 2,5%;
10. Канада — 2,3%;
11. Басқа елдер — 9,3%.
Біздің билікке алтындардың қайда жатқаны туралы айту тиімсіз - сарапшы
Ұлттық банк төрағасының кеңесші қызметін атқарған экономист Айдархан Құсайынов алтын-валюта қорының нақты қай мемлекетте сақталатыны туралы ақпараттың ешқашан ашық айтылмағанын мойындайды. Оның неге құпия екеніне жауап бере алмаймын деп қысқа қайырды. Ал экономика саласында тәуелсіз пікір білдіріп жүрген Жарас Ахметов алтын қорының қай елде сақталатынын білу маңызды емес деп ойлайды. Ең бастысы елдің ұлттық қоры сенімді жерде болуы тиіс.
«Алтын-валюта қоры бағалы қағаздармен сақталғандықтан жариялы болуы керек деп есептеймін. Қазақстан Ұлттық банкі оның негізгі көлемі мен қандай формада сақталатынын ғана айтады. Бірақ қанша мөлшерде қай елдерде сақталатынын да ашық айтуына ешқандай кедергі көріп отырған жоқпын. Себебі бұл халықтың байлығы. Жалпы дамыған елдерде елдің қосымша қорлары пайда әкелетін жерде емес, сенімді жерлерде сақталады. Ол пайда әкелетін инструменттерге салынып, саудаға түссе, жоғалуға тәуекелділік артады»,- дейді экономист.
Экономист Айдар Әлібаев Қазақстанның алтын-валюта қорының негізгі үлесі АҚШ пен Қытайда сақталған деп есептейді. Бірақ бас банктің ақпаратты ашық айтпауына бір ғана фактор әсер етеді. Ол бұл мәселенің саяси астарынан күдіктену.
«Біздің алтын қорының сырттағы елдер ішінде негізгі бөлігі АҚШ- та екеніне талас жоқ. Бірақ оның қаншасын қай жерде екені туралы ақпаратты әлі күнге дейін мен де естіген емеспін. Біздің билікке алтындардың қайда жатқаны туралы айту тиімсіз. Ұлт байлығы шетелде дегенді халық қаламайды. Мақатанатын нәрсе емес. Елдің тарапынан ыңғайсыз сұрақтар туындайды. Ол қандай шартпен сақталған деген мәселе туындайды. Тіпті елге қайта ма, қайтпай ма деген мәселе саяси дискуссияға себеп болуы мүмкін. Соныдықтан осылай жасырын ұстауға мүдделі деп ойлаймын»,- дейді Айдар Әлібаев.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы