Қазақстанда 17 наурыз күні жаңа ипотека басталады – оған кімдер қатыса алады

Автор: Бақыт Шынар

Жаңа ипотеканың атауы – «Наурыз жұмыскер»  

Фото: freepik.com

2025 жылы 17 наурыз күні Қазақстанда «Наурыз жұмыскер» атты жаңа ипотека басталады. Оның операторы «Отбасы банк» болады және ол бұған дейінгі «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасының бір бөлігі болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бағдарлама өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салаларында жұмыс істейтін қарапайым қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған.

«Биыл «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы аясында жұмысшы мамандықтары өкілдеріне 72 млрд теңге көлемінде 2 440 несие беру жоспарланып отыр. Өтінімдер 2025 жылдың 17 наурызында қабылдана бастайды», - деп хабарлады үкімет.

Бағдарлама талаптары бойынша азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 7% және қалған барлық санаттар үшін 9% мөлшерлемемен несие беріледі. Толық дайын үй алу үшін үй бағасының 10 пайызын, ал, іші дайын емес жаңа үйлер мен екінші нарықтағы үйлерді алу үшін баспана бағасының 20 пайызын бастапқы жарна ретінде төлеу керек. Облыстарда бір адам 30 млн теңге, ал, Астана мен Алматы қалаларында 36 млн теңгеге дейін ипотека ала алады.