Ислам ипотекасы: оның шарты қандай, пайыз алмайтын банк қалай пайда көрмек

Автор: Бақыт Шынар

Осы сұраққа қатысты біз Қазақстан нарығындағы ислам банкінен жауап алдық

Фото: istockphoto.com

Бұған дейін хабарлағынымыздай, Отбасы банк биыл, яғни, 2025 жылы серіктес банктер тауып, Қазақстанда ислам ипотекасын іске қосуды жоспарлаған. Оқырмандар тарапынан ислам ипотекасына қатысты өте көп сұрақ туындаған соң, Azattyq Rýhy елімізде қызмет ететін ислам банктеріне ресми жауап жіберіп, шариғаттағы ипотеканың шарттары туралы сұрап білді.

Біздің ресми сауалымызға жауап берген «Заман-банк» Ислам банкі Отбасы банкінің серіктестік бағдарламасына қатыспайтынын мәлім етті. Дегенмен, банк жеке тұлғаларға депозит қызметін ұсынып отыр.

«Заман-банк» Ислам банкі» «Отбасы банкнің» серіктестік бағдарламаларына қатыспайды.  Бүгінгі таңда «Заман-банк» Ислам банкі» жеке тұлғаларға тек «Вакала» агенттік депозитін ашу бойынша қызметтер көрсетеді», - деп хабарланған банктің ресми жауабында.

Жалпы, біздің сауалдарымызға жауап бере отыра банк шариғаттағы ипотеканың жолдарын атап көрсетті.

«Әлемдік тәжірибеде «Исламдық ипотека» үш модельде ұсынылған:            

1) Мурабаха-банк жылжымайтын мүлікті сатып алады және клиентке сауда үстемесімен бөліп-бөліп сатады. Банктің пайдасы сауда маржасы есебінен қалыптасады.

2) Иджара-банк клиентке жылжымайтын мүлікті кейіннен сатып алумен жалға береді. Банктің пайдасы жалдау төлемдері есебінен қалыптасады.

3) Мушарака - жылжымайтын мүлік банк пен клиенттің бірлескен меншігі болып табылады (мысалы, 30/70). Клиент біртіндеп Банктің үлесін сатып алады. Қаржыландырудың бүкіл мерзімі ішінде клиент Банктің жылжымайтын мүліктегі үлесін жалға алады. Банктің пайдасы жалдау арқылы қалыптасады. Ислам банкі қандай модельді таңдайтыны көптеген факторларға, соның ішінде салық заңнамасының нормаларына байланысты», - деп түсіндірді банктің баспасөз қызметі.