Келімбетов мұнай бағасы қашан өсетінін болжады

Автор: Azattyq Rýhy

Ол баға тек келесі жылдың соңында қалпына келеді деді

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры Қайрат Келімбетов Brent маркалы мұнайдың бағасына болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Қаржы-экономикалық және эпидемиологиялық дағдарыс алғаш рет қатар келіп отыр. Меніңше, бұрынғы баға, яғни 60 доллар тек келесі жылдың аяғында ғана болатын шығар. Соның өзінде өте қолайлы жағдай болуы керек. Әлі есімде, 2014-2015 жылдары біз бір баррельдің 100 долларға қай кезде көтерілетінін талқылаған едік. Енді, 60 доллардың өзін қанағат етіп отырмыз», - деді Келімбетов.

Оның айтуынша, дағдарыстың салдарынан мұнайға деген сұраныс күніне 20 миллион баррельге азайып қалды. Әлемдік экономиканың даму көрсеткіштері күрт төмендеп кетті. Қазіргі болжам бойынша Brent маркалы мұнайдың бағасы 30 доллардан аспайды.

«Қазақстан мен Ресей табиғи ресурстарға бай. Ал мұнай бағасы түсіп кеткеннен кейін кәдімгідей есеңгіреп қалды. Себебі экспорттық табыс азайды, бюджетке және ұлттық әл-ауқат қорларына ақша аз түсе бастады. Біз үшін бұл – үлкен сын-қатер», - деп атап көрсетті Келімбетов.

Қаржы орталығы басшысының сөзіне қарағанда, мұнай бағасының күрт құлдырауына ең алдымен коронавирус пандемиясы себеп болды. Себебі сұраныс төмендеп кетті. Ал шикізатты сақтау қоймалары толып тұр. Осы саладағы бәсекелестік факторы да бар.

«Мысалы, бұрын ОПЕК үстемдігі басым болды, көбінесе осы консорциумының шешімдері мұнай бағасын реттеп отырды. Артынан ОПЕК+ болып кетті. Оған Ресей қосылды. Қазақстан да бақылаушы болып кірді. Енді тақтатас мұнайының факторы қосылды. Естеріңізде болса, АҚШ-та мұнайдың осы түрі алдымен 4-5 миллион баррель болды. Сосын күніне 11 миллион баррельден артық өндіріле бастады. Бұның барлығы мұнай бағасына әсер етеді. Осындайда сұраныс пен ұсыныстың балансын табу оңай емес. Бұл – өте нәзік жұмыс», - дейді Келімбетов.