2020-2021 жылдарға жалпы сомасы 103,9 млрд тг болатын 214 жобаны іске асыру жоспарланған
Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев қалалық мәслихаттың депутаттарымен қаладағы эпидемиологиялық жағдайды, карантин кезеңінде санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қаланың қалыпты тіршілігі мен Exit Strategy экономикасының кезең-кезеңімен қалпына келтіру жоспарын жүзеге асыру бойынша қабылданып жатқан шараларды талқылады.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, экономиканы қалпына келтірудің негізгі бағдарламалары мен тетіктері ретінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы», шағын және орта бизнесті қолдау, тұрғын үй құрылысы, үдемелі білім беру нысандарының құрылысы болып табылады.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 2020-2021 жылдарға жалпы сомасы 103,9 млрд тг болатын 214 жобаны іске асыру жоспарланған. Сондай-ақ әлеуметтік-мәдени және ТКШ нысандарын, көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуден өткізу, қайта жөндеуден өткізу мен құрылыс жүргізу, елді-мекендерді абаттандыру көзделген. Бұған қоса 26 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын болады. Жоба пайдалануға берілгеннен кейін 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Сондай-ақ Б. Сағынтаев шағын және орта бизнесті қолдау басым міндеттердің бірі екенін тілге тиек етті. Бұл шешімді жүзеге асыру арқылы Алматының елдің қаржы және іскерлік орталығы ретінде қалыптасуына толық негіз бола алатынын ерекше атап өтті.
Әкімдік ұйытқы болған негізгі бағдарлама Almaty Business-2025 болып табылады. Сонымен қатар, өткен жылдан бастап республикада «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін жалғыз Qoldaý кәсіпкерлік орталығы қызмет көрсете бастады. Индустриалды аймақтың жұмысы жанданып, шағын өнеркәсіптік парктер құрылуда.
Аталған жобалар аясында «Еңбек»,«Қарапайым заттар экономикасы», «Даму» КДҚ арқылы жобаларды қолдау шеңберінде кәсіпкерлік саласында 10 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда.