Теңгенің құлдырауына Трамптың қатысы бар болып шықты: Ұлттық банк мәлімдеме жасады

Автор: Нұргүл Абай

Қазір доллар 528 теңгеден сатылып жатыр

Фото: Ұлттық банк

Ұлттық банк доллар бағамының шарықтауына сыртқы және ішкі факторлар теріс әсер етіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық банктің ақпаратынша, АҚШ долларының нығаюы, шикізат құнының өзгеруі және әлемде геосаяси жағдайдың шиеленісуі сияқты бірқатар сыртқы іргелі фактор дамушы елдердің валюталарына теріс әсер етіп жатыр. Негізгі әлемдік валюталарға қатысты доллар бағамын бақылайтын DXY индексі ай басынан шамамен 2,2%-ға нығайып, 106,2 пунктке дейін өскен. ЕМ валюталарының индексі ай басынан 3 пайызға төмендеді.

«Доллардың күш алуы – шикізат тауарлары үшін әдеттегідей теріс фактор. Бұған қоса, экономистердің Дональд Трамптың президенттік кезеңінде АҚШ-тан мұнай көлемінің артуы және сауда баждарының ықтимал өсуі ұсыныстың тым артуына әкеледі деген болжамдарынан пессимистік сарын, сондай-ақ мұнай бағасының құбылуы байқалады», - дейді Ұлттық банк.

Сонымен қатар, Ресейдің қаржы секторына қарсы енгізілген жаңа санкциялар аясында Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірінің валютасы – Ресей рублі әлсірей түсті. Бұдан бөлек, ішкі валюта нарығында экономикалық агенттер тарапынан шетел валютасына сұраныстың артуы және ұсыныстың шектелуі байқалған.

Ұлттық банктегілердің айтуынша, осы аталған факторлар теңге бағамына қысым жасап отыр.

«Тұрақсыздықты болдырмау, теңгенің айырбас бағамының шамадан тыс құбылуын реттеу және шетел валютасының ұсынысын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізеді. Ұлттық банк валюта нарығындағы ахуалға тұрақты мониторинг жүргізеді. Еркін бағам құру режимі жағдайында Ұлттық банк айырбас бағамының қандай да бір деңгейіне бағытталмайды және оның трендіне кедергі келтірмейді, оның қалыптасуы одан әрі  іргелі факторларға сәйкес жүзеге асырылады», - делінген хабарламада.

Қаржылық тұрақтылыққа қатер төніп, теңгенің айырбас бағамының іргелі факторларға сай келмейтін шамадан тыс құбылуы байқалса, Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізуді жалғастыруға дайын.