Мұнайдың үстінде отырған мемлекет үшін бұл нонсенс - Жаңбыршин бензин тапшылығы туралы

Автор: Нұргүл Абай

Қазақстан жеті жыл ішінде алты миллион тонна жанар-жағармай импорттаған

Фото: gov.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин жанар-жағармай тапшылығы мәселесін шешетін уақыт келді деп есептейді. Бұл туралы ол Мәжілісте «Мұнай саласының қазіргі жағдайы және оны дамыту перспективалары» туралы өткен үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, мұнай өңдеу қуатын ұлғайту үшін елдегі үш мұнай өңдеу зауытын жөндеуге екі триллион теңге жұмсалған. Алайда мұнай мен газ конденсатын өңдеудің жыл сайынғы көлемі 18 млн тоннадан аспайды.

«Ішкі нарыққа қажетті мұнай өнімдерін тек отандық мұнай өндіру компаниялары жеткізіп отыр. Жоғарыда айтқанымыздай, олардың мұнай өндіру көлемі азайып барады. Бізде жыл сайын мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалады, ол импорт есебінен жабылады. Мұнайдың үстінде отырған мемлекет үшін бұл нонсенс. Іс жүзінде Қазақстан бензин, авиациялық отын, дизель отыны бойынша импорттық отынға тәуелді және 7 жыл ішінде елімізге 6 млн тоннадан астам мұнай өнімдері импортталды. Яғни, еліміздегі жанар-жағармай өнімдерінің дефицитін негізінен Ресей мемлекетінен импорттап отырмыз. Бұл мәселені шешетін уақыт келді», - дейді Жаңбыршин.

Депутат Энергетика министрлігінің алдағы сегіз жылда мұнай өндіруді 56 пайызға ұлғайтып, 28 млн тоннаға жеткізу жоспарының уақытында орындалатынына күмәнмен қарайтынын айтты.