Ұлттық қордан нысаналы трансферт түрінде алынатын қаражатқа шектеу қойыла ма?

Автор: Нұргүл Абай

Қазір кепілдендірілген трансферттің ғана шегі бар

Фото: istockphoto.com

Үкімет Ұлттық қордан нысаналы трансферт түрінде алынатын қаражатқа лимит қою мәселесін қарастырады. Бұл туралы қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министр қазір кепілдендірілген трансфертке ғана лимит қойылғанын атап өтті.

«Бүгінгі таңда Бюджет кодексінде кепілдендірілген трансферт бойынша ғана лимит бар. Ол 2,2 трлн теңге көлемінде. Нысаналы трансферт бойынша бізде мұндай лимит жоқ. Қазір біз оны қарастырып жатырмыз. Жаңа Бюджет кодексі Мәжілістің қарауында жатыр. Қазір осындай ұсыныстар (лимит енгізу – ред. ) бар», - деді Тәкиев Мәжіліс кулуарында.

БАҚ өкілінің «Үкімет жалпы нысаналы трансфертке лимит қою туралы ұсынысты қолдай ма?» деген сұрағына Тәкиев «оны қараймыз» деп қысқа қайырды.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов нысаналы трансферт бюджет ережелерімен реттелмейтінін айтқан еді. Яғни Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт ретінде алынатын қаражатқа Бюджет кодексінде шектеу қойылса, нысаналы трансферттің сомасына қатысты шектеу жоқ.

Айта кетерлігіі, Үкімет 2025 жылы нысаналы трансферт ретінде Ұлттық қордан 3,2 трлн теңге алуды жоспарлап отыр. Ал кепілдендірілген трансферт түрінде 2025-2027 жылдары жыл сайын 2 трлн теңге алынады.