Мақтааралда тасқыннан зардап шеккен фермерлердің қарызына өсімпұл жүрмейді

Автор: Azattyq Rýhy

Пайыздық есептеулер 1,5 жылға тоқтатылды

Фото: ашық дереккөзден

«ҚазАгро» Холдингінің еншілес компаниясы - «ҚазАгроҚаржы» АҚ Премьер-Министр А.Маминнің Түркістан облысында болған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша берген тапсырмаларын орындау шеңберінде өңірдің төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен  фермерлерін қолдау шараларының кешенін әзірледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Су тасқынынан зардап шеккен «ҚазАгроҚаржы» АҚ қарыз алушыларына бір жарым жыл мерзімге пайыздық есептеулер тоқтатылды, ал негізгі қарызды төлеу мерзімі сол мерзімге ұзартылды. Сонымен бірге, көрсетілген кезеңге төлемдердің мерзімін өткізіп алғаны үшін тұрақсыздық айыптары есептелмейді. Бұл шарттар Түркістан облысының Мақтарал ауданындағы су тасқынынан туындаған төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қазіргі қарыз алушыларына қатысты қолданылатын болады», - деп жазылған хабарламада. 

Айта кету керек, 1 мамырда болған су тасқынына байланысты Түркістан облысының Мақтарал ауданында жергілікті ауқымдағы техногендік төтенше жағдай жарияланған еді.