Автонесиеге 20 млрд теңге: автоөндіріс саласында «лобби» бар ма?

Автор: Azattyq Rýhy

Былтыр Қазақстанда 25 мыңға жуық отандық автокөлік сатылған

Қазақстанның автомобиль нарығында бәсекелестік туралы әңгіме қозғауға әлі ерте. Бірақ  сала субсидия мен мемлекеттік дотацияға тәуелділігін арттырып келеді. Қазақстан Ұлттық банкі отандық автомобиль өндірісін қолдау мақсатына деп қарастырылған қаржының алғашқы траншын бағдарламаның бас операторы – Қазақстан даму банкіне аударды. Ал, Ұлттық банк бағдарламаның жүзеге асуы автоөнеркәсіп кешені мен экономиканың іргелес салаларының дамуына оң әсер етеді, ел тұрғындарының отандық жеңіл автокөліктермен қамтамасыз етілуін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және инвестициялық климаттың жақсаруына жағдай жасайды деп мәлімдеп отыр. Бұдан бұрын Қазақстанда автомобиль өндірісі 200 миллиард теңгеге жеткені жазылған. 

Осы тұрғыда Azattyq Rýhy тілшісі автонарық саласында іскерлік топтар мен өнеркәсіп лоббиі бар ма деген сауалды тәуелсіз сарапшыларға қойып көрді.

Танымал экономист Меруерт Махмұтова машина құрастыру ісін «отандық автоөндіріс» деп атаудың өзі күлкілі деп санайды. Автомобиль өндірісі деп аталатын саланың қазіргі ішкі жалпы өнімдегі үлесіне қарап, оның даму деңгейін байқау қиын емес, дейді сарапшы. Қазақстанда бұл сала ішкі жалпы өнімнің 0,06%-на тең. Ресейде ол 2,3%, ал Өзбекстанда автомобиль шығарушылар ІЖӨ 6,6 пайызын беріп отыр.

«Мен бұл жерден Үкіметтің автоөндірушілерге лобби жасауын көріп отырмын. Өнімдерін саудалауға осылайша ашық көмектесіп бағуда. Оның орнына қазір халыққа қажетті әлеуметтік мәселелерді шешу керек еді. Мысалы жылдық мөлшерлемесі 4 пайызбен үй берілетін болса, елдегі қаншама қарапайым адамның жағдайы жақсарар еді. Ал мұнда екі-үш олигарх қана пайда көретін қадам жасалды», - дейді Меруерт Махмұтова.

Автомобиль сарапшысы Таир Балбаевтың айтуынша автонесиеге 20 млрд теңгенің бөлінуі экономиканы ынталандыру үшін жасалып жатқан шара деп қабылдау керек. Ол отандық алғашқы суперкар құрастырушы. Бірақ өз жобасына мемлекет тарапынан қолдау таппаған соң, өндіріске енгізе алмаған болатын. Таир «лобби» жоғарыдан басталады дегенді айтады. Бұл үрдіс елге тасымалданып жүрген бұрынғы қолданыстағы автомобильдерге баж салығының өсуімен басталды. Ал, жаңадан құрастырылатын автокөліктер үшін салықтық жеңілдіктер біршама төмендеді. Бұл отандық өндірісті қолдау сипатында көрінгенімен, жекелеген алпауыттардың пайдасы үшін жасалған лобби екенін жоққа шығаруға болмайды деп есептейді сарапшы.

«Бізде басқа таңдау жоқ. Көлікті ойлап табу, сосын оны толықтай өз елімізде жасау әлі қиялда ғана. Хюндай, Лада, Шкода, Жак, Равон сияқты санаулы марканы құрастырып, оны отандық өндіріс деп атау қашанға дейін жалғасатынын білмеймін. Сондықтан мұны отандық өнім деп атауға мәжбүрміз. Себебі аз да болса, әлгі зауыттар жұмыс орнын ашып, салық төлеп әлеуметтік міндеттемелерді орындап отыр. Ал жеңілдетілген несиеге бөлінген қаражатқа тұтынушы бағасы сапасын сай көлік алып отырған жоқ. Бұл да тұтынушы үшін таңдау болмаған соң, амалсыздан туған қадам», - деп есептейді Таир Балбаев.

Шынайы өндірістің болмауы отандық деп сатылып жатқан көліктердің бағасына оң әсер  етпей отыр. Елде инфляция деңгейі жоғары болғандықтан, зауыттар өнімді бастапқы құнымен саудалай алмайды. Ол егер несиеге алынса, банктік үстемақы жамалып, тұтынушының қалтасына жеңіл тимесі анық, дейді мамандар. Бұл тұрғыда елдегі белгілі банктердің бірінде БАҚ-пен байланыс басқармасына жетекшілік ететін Ербол Азанбек «Faceboоk» желісіндегі парақшасында автокредит туралы пікір білдірді. 

«Менде автоәуесқой ретінде екі таңдау бар. Біріншісі бағасы зауыттан шыққан құнынан да қымбат ескі көлікті алу. Екіншісі жаңа, бірақ сапасы күмәнді, бағасы да қымбат жаңа көлікті алу. Сұранысқа ие кейбір ескі көліктің құны жаңадан қымбат. Сондықтан соңғы 5 жылда сатылымды Лада бастап тұр. Ресейлік қаңқаны кіргізіп жатырмыз. Көбі кредитке алынып жатыр. Жаңа автокөліктің, жеңілдетілген кредиттің кереметтігін жаңа автоөндірушілер одағы ма, сол арқылы ай сайын ақпаратты төгіп жатыр. Ескі көлік елдегі көліктің 70% құрады дегендей статистикаларды жиі жариялайды», - деп жазады Е. Азанбек өз парақшасында.

Сол сияқты Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, экономист Мұхтар Тайжан да әлеуметтік желіде автоөндірісті қолдау үшін бөлінген 20 млрд. теңгенің артында лоббилік мүдденің жатқанына назар аудару керек деген мазмұнда жазба қалдырған.

«ҚР Ұлттық банкі тағы да жеңілдетілген автонесие үшін 20 млрд. теңге бөлді. Өз басым орта және ірі кәсіппен айналысатын танымал бизнес өкілдерінің үкіметтен қаражат сұрап жүргеніне куә болдым. Олар түрлі сылтаулармен шенеуніктерден өз кәсіпорыны мен секторына  субсидия, көмектер сұрауды әдетке айналдырып алған. Олар  бинзесмендер емес, жеңілдікпен күн көретін сияқты. Экономикамызды субсидия мен мемлекеттік дотацияға тәуелді етіп құрғанымыз өкінішті», - дейді белгілі қоғам қайраткері.

Алдағы бес жылда жеңілдетілген несие есебінен 100 млрд. теңге игерілуі тиіс. Жеке тұлғаларға көлік сатып алу үшін несие беру  тәртібі өзгерген жоқ. Сатып алынатын автокөліктің ең жоғарғы құны 15 млн теңге. Қарыз мерзімі 7 жылдан аспайды. Атаулы жылдық сыйақы мөлшерлемесі 4 %, ал борышкердің сақтандыру мен автокөлікті кепілге қою бойынша кеткен шығындарын есепке алғанда, жылына 7.5 %-дан артық болмауы керек. 

Екніші деңгейлі банктер Қазақстан даму банкінен алғашқы транш ретінде 14,5 млрд теңгені алған. Ол қаражатты Сбербанк (7,5 млрд теңге), Халық банкі (4 млрд теңге), ВТБ (3 млрд теңге)  жыл соңына дейін игеруі керек. Қалған 5,5 млрд теңгені ҚДБ 2019 жылдың соңғы күндеріне дейін аударуы тиіс.  

Ришат Асқарбекұлы, Алматы