Айына 300 мыңнан 2 млн теңгеге дейін табыс табатындардың салығы өспейді – Тоқаев

Автор: Azattyq Rýhy

Салық тек жылдық табысы 25 млн теңгеден асатын адамдар үшін көбеюі мүмкін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапары барысында жеке табыс салығының үдемелі өлшемін енгізу туралы Үкіметке берген тапсырмасының мәнін түсіндірді. Президент пікірінше, бұл жаңалықтың мақсаты – әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету. Мұндай жүйе бірқатар мемлекетте қолданылады.

«Қасым-Жомарт Тоқаев айына 250-300 мың теңге жалақы алатын азаматтар табыс салығын 7 пайыздық мөлшерлеме бойынша төлеуге тиіс деп санайды. Яғни, қазіргі 10 пайыздық мөлшерлемеден төмен болады. Ал, айына 300 мың теңгеден 1,5-2 миллион теңгеге дейін табыс табатындар үшін қазіргі 10 пайыздық мөлшерлеме сақталады. Президент жылына 25 миллион теңгеден көп табыс табатын азаматтар үшін пайыздық мөлшерлеме көлемі артуы тиіс деген пікірде. Мөлшерлеме көлемін Үкіметтің комиссиясы анықтайды. Бұл ретте Мемлекет басшысы жеке табыс салығының пайыздық мөлшерлемесінің жоғарғы шекті деңгейі 15 пайыздан аспауы керек деп есептейді», - деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook-парақшасында.

Айта кетейік, күні кеше әлеуметтік желілерде «Қазақстанда табыс салығының мөлшері өседі» деген ақпарат тарап, қоғамда қызу талқыға түсті.