$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Әлемде біздің банктердің ғана табысы өте көп, ал салығы тым аз – мәжіліс депутаты әділдікті қалайды

Депутаттың пікірінше, банктер үшін салықты көбейту керек  

Әлемде біздің банктердің ғана табысы өте көп, ал салығы тым аз – мәжіліс депутаты әділдікті қалайды
ФОТО: parlam.kz

Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов банктер туралы жаңа заңда қандай мәселелер қамтылуы керек екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, біріншіден, жаңа заң екінші деңгейлі банктердің ел экономикасына үлесін көбейтуге бағытталуы керек.

«Екіншіден, біздің банктердің шығындары өте төмен, салығы аз, табысы көп. Әлемде осы жағынан ең бірінші тұр, алға шығып кеткенбіз. Сондықтан бұл әділетсіз. Елдің экономикасына үлесі аз бола тұра, табысты тым көп көретін болса, бізге қандай пайдасы бар?! Сондықтан да бұл заңға өте күрделі өзгерістер енуі керек», - дейді Жұбанов Azattyq Rýhy тілшісіне.

Мәжілісмен банктерге салынатын салықты көбейту қажет деп санайды.

«Екінші деңгейлі банктер экономиканы қаржыландыруы керек, сосын әділетті салық төлеуі керек. Салық ставкаларын көтертуіміз керек», - дейді ол.

Осы орайда жаңа заңда банктерге мемлекеттен қаржылай қолдау көрсетуге тыйым салатын норма бола ма деп сұрадық.

«Шынын айтсақ, осыған дейін үлкен әділетсіздіктер болды. Істеп тұрған банктерді жауып тастады. Бюджеттен банкті қаржыландырып, ал әлгі банк экономикаға қаржы құймаса, ондай банк не керек? Елімізде әр салада кішкене болса да бір әділеттілік орнауы керек», - дейді Жұбанов.

Депутат қарапайым халыққа берілетін кредиттердің пайызын азайту бағытында да жұмыс істейтінін айтты.

Әділ Жұбановтың да жиырма бес жылдан бері төлеп келе жатқан кредиттері бар екен.

Естеріңізге сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі жолдауында Банктер туралы жаңа заң қажет екенін мәлімдеді. Құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған.

Серіктес жаңалықтары