Индустрияландыру жылдары дәрі-дәрмек өндірісі 6 есеге өсті

Автор: Azattyq Rýhy

Елге ірі инвесторлар келіп ақша құйған

Индустрияландыру жылдарында қабылданған шаралар арқасында антибиотиктер, алкалоидтер, жүрек құралдары мен медициналық бұйымдар өндірісін ұлғайту есебінен фармацевтикалық өнім шығару 19,9 млрд.теңгеден 92 млрд. теңгеге дейін артып, 6 есеге өсті, деп хабарлайды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

«Қысқа мерзім ішінде сала экспортқа бағытталды. Фармацевтика өнеркәсібінің экспорты 3 есе өсіп, 18,9 млн. АҚШ долларынан 58,9 млн. АҚШ долларын құрады. Өнім Ресей (39%), Қырғызстан (16%), Түркия (7,8%), Моңғолия (7,4%) және басқа да елдерге жіберілді. Негізгі экспорттаушы кәсіпорындар – «Химфарм» АҚ, «Нобел АФФ» ЖШС, «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС, «Dolce-Pharm»ЖШС», - делінген хабарламада.

Индустрияландыру картасы аясында 62,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, 41 жоба пайдалануға берілді. 5 мың жұмыс орны ашылды. Саланың маңызды жобаларының қатарында: өндірістік қуатты кеңейту және фармацевтикалық фабрикаларды жаңғырту; дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар және т.б. өндіру бойынша фармацевтикалық зауыттарды салу болды.

Индустрияландыру картасының инвестициялық жобалары арасында ірі инвесторлармен бірлесе жасалған обалар бар. Мәселен, еліміздің ең көне фармацевтикалық кәсіпорындарының бірі – «Химфарм» АҚ акцияларын Еуропаның белгілі «Polpharma» компаниясы сатып алды. Қазір компания GMP стандарттарына сәйкестігін дәлелдейтін бірнеше сертификатқа ие. Бұл -  сапалы фармацевтикалық өнімді ішкі нарықта ғана емес, сыртқы нарықта да сату үшін жасалған үлкен жұмыстың белгісі.  

Алматы фармацевтикалық фабрикасы «Нобель АФФ» ЖШС түрік компаниясымен бірлесіп онкологиялық, диабетке қарсы, гастроэнтерологиялық, вирусқа және бактерияға қарсы дәрі-дәрмектер мен антибиотиктер шығару бағытындағы алғашқы инвестициялық жобаны іске асырды. Сонымен қатар, Түркияның тағы бір ірі «Абди Ибрахим» компаниясы «Глобал Фарм» ЖШС-мен бірлесіп кардиологиялық, туберкулезге қарсы, гастроэнтерологиялық дәрі-дәрмектер мен антибиотиктер өндірісін ұйымдастырды.

Сондай-ақ, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС Ресейдің  «Фармстандарт» компаниясымен дәрілік заттар шығаруды іске асырды. Бұл өндірістер GMP халықаралық стандартын енгізе отырып құрылды. Бүгінгі таңда отандық фармацевтикалық өнім өндірушілер арасында 11 кәсіпорын халықаралық GMP сертификатына ие.