Қаражаттың негізгі бөлігі дағдарысқа қарсы шараларға жұмсалды дейді ҰЭМ өкілдері
Үкімет елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен жұмыспен қамтуды қолдауға бағытталған дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру үшін 5 938 трлн. теңге бөлген. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі хабарлады. Осыған дейін әлеуметтік желіде коронавируспен күресуге 6 трлн теңге жұмсалды деген ақпарат тараған болатын.
Сонымен, Қаражаттың 3 462 млрд. теңгесі республикалық бюджет есебінен, қалған 2 476 млрд. теңгесі бюджеттен тыс қаражат есебінен шыққан.
«Негізінен шығындар ай сайынғы кірістерді жоғалтуына байланысты әлеуметтік төлемдерге, жұмыспен қамтуды ұлғайтуға, тұрғын үй құрылысына, бюджет шығындарын өтеуге, шетел валютасы бағамының өзгеруіне, үкімет резервін толықтыруға және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша басқа да шығыстарға бағытталған», - делінген министрлік таратқан хабарламада.
Ал жұмыспен қамтудың жол картасын қаржыландыруға 1 трлн. теңге қарастырылған. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен – 300 млрд. теңге, бюджеттен тыс қаражат – 700 млрд. Теңгені құрады. Осы қаражат шеңберінде инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып, 250 мың жұмыс орны құрылмақ.
«Айналым капиталын 8%-ға жеңілдікпен несиелеу және «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жылдық 6% жеңілдікті несиелендіруді ұлғайту шеңберінде 1 трлн.теңге қарастырылған (бюджеттен тыс қаражат).
1,5 млн. адам 3 ай ішінде МӘСҚ-дан 1 ЕТЖ мөлшерінде табыс жоғалуы бойынша төлемдер алады. Бұл мақсатқа 386 млрд.теңге (бюджеттен тыс қаражат) көзделген.
Тұрғын үй құрылысына 390 млрд.теңге бюджеттен тыс қаражат бөлінді.
Макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруі нәтижесінде республикалық бюджеттің шығындарын өтеуге 1,7 трлн. теңге бөлінді.
Жұмыспен қамтуды сақтауға және ШОБ субъектілерінің еңбек ақысын төлеуге байланысты жергілікті бюджеттердің шығындарын өтеуге 237 млрд. теңге көзделген.
Әлеуметтік төлемдердің деңгейін арттыруға, стипендия және тұрғындардың коммуналдық қызметтерінің ақысын төлеуге 313 млрд. теңге жұмсалады.
Мемлекеттік бағдарламаларды кеңейтуге 240 млрд. теңге қарастырылған, оның ішінде:
- агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға – 50 млрд. теңге;
- «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде еңбек нарығын дамытуға – 50,0 млрд. теңге;
- «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кепілдендіруге – 84,5 млрд. теңге;
- «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елдімекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға – 55,0 млрд. теңге қарастырылған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге 125 млрд. теңге қарастырылған. Оған медицинлық және басқа қызметкерлерге қосымша ақы, азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтар мен қамтамасыз ету, карантиндік үлгідегі медициналық модульдік кешендер құрылысы кіреді.
Қосымша шығыстар азаматтар мен экономикалық ахуалды жақсартуға, оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Ол 575 млрд. теңгені құрайды.
Аталған қаражат шеңберінде көлік инфрақұрылымдарын дамыту, Нұр-Сұлтан қаласындағы үлестік құрылыстардың проблемалық объектілерін аяқтауға арналған шығыстар және басқа да басым бағыттарды қаржыландыру көзделген.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан