Коронавирус кесірінен шағын және орта бизнес банкротқа ұшырауы мүмкін - Франция үкіметі
Үкімет болжамы
Францияда пандемия кесірінен шағын бизнес банкротқа ұшырауы мүмкін, деп хабарлайды Астана телеарнасы. Бұл туралы Францияның қаржы министрі Бруно Ле Мэр мәлімдеді. Ол карантин аяқталғаннан кейін елде жұмыс орындары жаппай қысқаратынынан қауіптенеді. Тіпті көптеген кәсіпорындардың жабылу қаупі бар екенін де жасырмайды. Әсіресе шағын және орта бизнес субьектілерін қиын кезең күтіп тұр деп есептейді.
«Қарапайым өмірге оралғаннан кейін бізді күтетін негізгі проблемалардың бірі - компаниялардың банкротқа ұшырауы. Әсіресе шағын және орта компаниялар зардап шегеді. Жығылған үстіне жұдырық болатын жайт жұмыс орындарының қысқаруы. Себебі көптеген кәсіпорындар құрдымға кетері анық», - Францияның Қаржы министрі Бруно Ле Мэр.
Еуропада өлім-жітім көп тіркелген 10-ға жуық мемлекетте карантин режимі жеңілдетілмек. Бұл Италия, Германия, Испания, Бельгия сынды мемлекеттер. Аталған елдер мұндай қауіпті қадамға бизнесті сақтап қалу үшін барып отыр. Қазірдің өзінде АҚШ-та дүкендер, шаштараз, тіпті гимнастикалық залдар жұмысын бастады. Американың қаржы министрлігі коронавирусқа байланысты шығындарды жабу үшін шамамен үш триллион доллар бөлуге дайын. Бұл 2008 жылы болған дағдарыс кезінде бөлінген қаржыдан 5 есе артық. Сонымен қатар, сарапшылар санитарлық шектеулерден ерте бас тартқандықтан індет құрбандарының саны тағы екі есеге артуы мүмкін екенін болжап отыр.