Қарағандыда НАТО стандарттарына сай оқ-дәрілер шығаратын зауыт ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Жаңа кәсіпорын индустриалды аймақта

Премьер-Министрі Асқар Мамин Қарағанды ​​облысында қазақстандық патрон зауытының атыс қаруларына арнап оқ-дәрілер шығаратын бірінші желісін іске қосты, деп хабарлайды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.  

Қазақстандық патрон зауыты жобасын  «Steel Manufacturing» ЖШС жүзеге асыруда. Бұл «Қазақстан Инжиниринг» АҚ құрамындағы халықаралық стандарттарына сай атыс қарулары үшін оқ-дәрілер шығаратын заманауи, жоғары технологиялық кәсіпорын.

 Зауыттың қуаты жылына 30 миллион патрон шығаруға жетеді. Кәсіпорын көлемі 8476 шаршы метрді құрайды.

«Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылған бұл жоба Қазақстанда және ҰҚШҰ-да қолданылатын стандарттарға сәйкес өнім шығаруға мүмкіндік береді және еліміздің осы номенклатурадағы оқ-дәрілер импортына тәуелділігін жояды. Зауыттың іске қосылуы Қазақстанның барлық күштік құрылымдарының оқ-дәріге деген қажеттілігін толығымен қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар жаңа экспорттық әлеуетін де ашады. Зауытты қосымша жарақтандыру арқылы  НАТО стандарттарына сай патрондар шығару, өндіріс мүмкіндігін арттыру, осылайша өнімді жеткізу географиясын кеңейту жоспарда бар. Сондай-ақ, бұл жоба отандық білікті кадрларды қалыптастыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді»,- деп атап өтті «Қазақстан инжиниринг» ҰК Басқарма төрағасы Қуаныш Бишімов.

Қазіргі уақытта аталған өнімді экспортқа шығару мақсатында Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.