Самұрық-Қазына бұрын Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған компанияны сатып алғалы жатыр

Автор: Аубакирова Нургуль

Бизнесмен газ таратумен айналысатын компанияны былтыр мемлекетке берген

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

«Самұрық-Қазына» АҚ бұрын Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған «АзияГаз Чунджа» компаниясын сатып алмақшы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстандық KASE қор биржасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, QazaqGaz акционерінің жалпы жиналысында күн тәртібіне «Самұрық-Қазына» АҚ-ның жылдық бюджетіне өзгерістер енгізу және «Самұрық-Қазына» АҚ-ның «АзияГаз Чунджа» ЖШС жарғылық капиталындағы 100% қатысу үлесін сатып алуы туралы мәселені «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің қарауына шығару туралы мәселе енгізілген.  

Самұрық-Қазына газ тарату компаниясын сатып алғаннан кейін QazaqGaz бір бағалы қағаз үшін 9,29 млн теңге бағамен 1 мың жай акция орналастырады.

«АзияГаз Чунджа» тауарлық газды тасымалдау және сатумен айналысады. Былтыр күзде Қайрат Боранбаевтың осы компаниясы мемлекет меншігіне өткен еді. Бизнесмен компанияны мемлекетке өз еркімен берген.

Айта кетері, Қайрат Боранбаев – қазақстандық кәсіпкер, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы. 2023 жылы Боранбаев ресейлік газ импорты кезінде ақша жымқырғаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығы шектелді.