Біз халықпен кабинетте емес, олардың ортасында кездесеміз – Қосшы мәслихатының төрағасы Әлихан Қуатбеков

Автор: Azattyq Rýhy

Қосшы қаласында 12 мәслихат депутаты жұмыс істейді

Фото: Әлихан Қуатбековтің жеке мұрағатынан

Биыл Қазақстан мәслихатына 30 жыл толды. 1994 жылы 7 наурызда Қазақстан Республикасында жергілікті өкілетті орган — бірінші шақырылым депутаттарының мәслихат жиналыстарына сайлау өтті. Осы кезең ішінде мәслихат жұмыстары көптеген реформа мен өзгерістерге түсті. Қазіргі мәслихаттың бұрынғыға қарағанда ықпалы артып, өкілеттігі кеңейді. Azattyq Rýhy осы және өзге де мәселелер туралы және жалпы мәслихаттың жұмысы жайлы бірқатар сұрақты Қосшы қаласы мәслихатының төрағасы Әлихан Қуатбековке қойып, сөзге тартты.

– Әлихан Жұмаханұлы, президенттің бастамасымен  мәслихаттың өкілеттілігі кеңейтілді. Осы жайында толық айтып өтсеңіз? Жалпы, мәслихаттың жұмысы салыстырмалы түрде қалай өзгерді?

Мәслихат – халық пен жергілікті деңгейдегі биліктің өзара іс-қимылының бірінші негіз­гі жолы. Бүгін­де мәслихатқа үлкен мәселелер тәуелді. Қазіргі мәслихат жергілікті жерде түйінді мәселелердің шешілу жолдарын өзектендіре­тін және бақылайтын органға айналып келеді деп айта аламын. Бұның бәрі елімізде жүргізіліп жатқан тиісті реформалардың нәтижесі.  Себебі Президентің бастамасымен елімізде алғаш рет мәслихат төрағасы лауазымы енгізілді. Президенттің сөзімен айтсам, мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Бұдан басқа императивті мандаттың енгізілуі біздің депуттардың өз сайлаушылары алдындағы жауапкершілігін арттыра түсті. Есіңізде болса, 2023 жылы 19 сәуірде президенттің төрағалығымен барлық деңгейдегі әкімдердің, мәслихат төрағаларының қатысуымен  үлкен жиын өтті. Аталған кеңеске мәслихат депутаттарының шақырылуы жайдан-жай емес. Президент  осы кеңеске жиналған мәслихат өкілдеріне олардың бірінші кезектегі міндеті жергілікті тұрғындардың мүддесін қор­ғау керек­тігіне баса назар аударды. Сонымен қатар президент осы жиында халықпен жиі кездесу, елді мекендердегі су, жарық, жол мәселелерін әкімдіктермен бірлесе отырып шешіп, бір мүддеде жұмыс істеу қажеттігін жеткізді. Бұдан басқа мәслихаттардың тиісті аумақты дамыту жос­парларын, әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды, жергілікті бюджетті және ола­р­дың атқарылуы туралы есеп­тер­­ді бекіту құзыреттері бар.  Бұлар мәслихат жұмысының қоғамдағы ықпалын көрсетіп отыр.

– Қосшы өте  жылдам дамып келе жатқан қалалардың алдыңғы қатарында. Қаланың дамуындағы мәслихаттың рөлін қалай бағалар едіңіз? Қосшыдағы әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді шешуде депуттар қаншалықты белсенділік танытып отыр?

Қосшы мәслихатының депуттары өте белсенді, олар барлық салада халықтың мұң-мұқтажын айтып жүр. Біздің депуттар қаладағы экологиялық мәселелерге баса назар аударады. Бір мысал, осыдан бірнеше жыл бұрын жеке секторда бетон шығаратын зауыт жұмыс істеп  тұрды. Бұл шағын бетон зауыты жеке секторларда тұратын тұрғындарға қолайсыздық туғызған. Сол мәселені шешуде біздің депуттар зор үлес қосып, оның барлық тарап үшін оң шешілуіне өздерінің ықпалын тигізді. Бұдан бөлек Қосшы қала болып құрылған кезде мемлекет басшысы тапсырған ең бірінші мәселелер қаланың су, жол, жарық проблемаларын шешу еді. Бұл мәселелерде әкімдік тарапынан да өте шұғыл шаралар қабылданды. Соның нәтижесінде Қосшы тұрғындарын ауыз сумен қамту проблемасы біршама шешімін тапты. Ол кезде мен әкімнің орынбасары болып жұмыс жасап жүрген едім. Бүгінде судың берілу деңгейі жеткілікті, алайда оның сапасына қатысты сын барын мойындауымыз керек. Осы мақсатта мәслихат депуттары су айдайтын станцияға барып, сол жерді арнайы тексердік. Осы бағытта атқарушы органдарға судың сапасын жақсартуға қатысты өзіміздің ұсыныстарымызды дайындап бердік. Судың сапасын қалай жақсартамыз? Судың сапасын арнайы су сүзгілерін (фильтр) қою арқылы жақсартуымыз керек. Сүзгілер алу үшін бюджеттен тиісті қаражаттың бөлінуіне өзіміздің үлесімізді қосуды жоспарлап отырмыз. Бұған қоса Астанадағы Л.Н. Гумилеев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдарымен Қосшы су мекемесі арасында меморандум дайындалуда. Ол бізге не үшін керек? Бұл бір жағынан бюджет қаражатын тиімді пайдалану. Конкурс жариялап, суға фильтр қоя салмай, оның есесіне Қосшы суының құрамын зерттеп, оған сәйкес келетін фильтр қондырғысын қоюды көздеудеміз. Біздің ғалымдар жарты жылдың көлемінде бізге Қосшы жерасты су құрамы бойынша ғылыми негіздеме беруі керек, сол бойынша тиісті су фильтрлері қойылады. Бұған бірінші кезекте мәслихат бақылау жасайды. Бұл да мәслихаттың қадағалауындағы негізгі жұмыстың бірі.

Екінші мәселе, қаламыздағы жарықтың үздіксіз берілуі. Жарық мәселесі әлі де шешілмей отырғаны шындық. Оның бірнеше факторлары бар. Өткенде облыс басшылығы да келіп, аталған мәселені шешу бойынша тиісті тапсырмалар берді. Бұрынғы ауыл деңгейіндегі  жарық жүйесін халық саны жылдам өскен қалалық деңгейге көшіру оңай шаруа емес. Осы салада АРЭК деген компания бар, сол ұйымға біз депуттартар тарапынан өткен жылы хат жіберген болатынбыз. Оған  біз жауап алдық, олар жауаптарында қаланың барлық жарық жүйесін өздеріне алу ықтималдығы туралы, бірақ, ол бойынша да тиісті талаптардың бар екенін көрсетіп жауап жазды. Әкімдік бұл бағытта жұмыстар  істеп жатыр, тиісті қаражат та бөлінді. Қазір сол қаражаттың игерілуі бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Мен айтып отырған жоба қаламыздағы қазір туындап отырған жарықтың берілу проблемасын толық шешуге мүмкіндік ашады. Жарық мәселесін шешу бойынша бізде әкімдікпен бірлескен жоспар бар.

Одан кейін жол мәселесі. Өткен жылы 30 шақырымнан астам жаңа жол төселді.  Қазір қосымша қаражат бөлу мәселелері қарастырылып жатыр. Қаланың шеткі бөлігіне, атап айтсам 19 және 20 шағын аудандарына қиыршық тас төсеу арқылы жолды жөндеу жұмыстары қолға алынды. Өзім сол аудандарда тұратын тұрғындармен кездесіп, қаланың қай көшелеріне жолды бірінші салу қажеттілігі бойынша әкімдікке ұсыныстар бердік. Биыл Лесная поляна шағын ауданындағы ішкі жолдар да жөндеуден өтті. Осы жолдарды жөндеу мәселелерімен біздің депутатымыз Нұрдәулет Қасенов деген азамат айналысады. Ол қосымша жұмыстарды кей кездері компания есебінен де жүргізіп жатады. Бұл да мәслихат депутатының жауапкершілігін көрсетеді.

Қосшыда 3-4 жылдың көлемінде үш ауысымдық мектеп үлкен мәселе болды. Қазір бұл мәселе де толық шешілді. Сондағы айтпағым, қаламыздағы №3 мектеп құрылысы ұзаққа созылып кетті. Бұл мәселеге де біздің депуттар араласып жүріп, мектептің ел игілігіне берілуіне күш салды. Жуырда Абай көшесінде тағы бір мектеп пайдаға берілмек. Бұл мектептің  құрылыс жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілуіне депуттар өзінің үлесін қосуда. Жалпы осындай ондаған мысал айта берсем болады.

– Мәслихаттағы депутаттық сауалдар туралы айтсаңыз және оның салмағы қандай?

Қарапайым халықтың қоғамдағы талабы мен тілегі, мүддесі мәслихатқа депутат арқылы жетеді. Ал олар халықтың тілек-арызын атқарушы билікке депутаттық сауалдар сияқты формалармен жеткізіп жатады. Қосшы мәслихатында 2023 жылы сайланған 12 депутат бар.  Олар өз  жұмыстарын жақсы деңгейде атқарып отыр. Біз басынан бастап тұрғындармен кабинетте емес, президент тапсырғандай халықтың ортасында, аулаларда кездесулер өткізе жүріп, олардың талап-арыздарын тыңдап, оның шешілуіне үлесімізді қосып жүрміз. Біздің депуттар бір жылдың ішінде халықпен тікелей 38 кездесу өткізді. Алғашқы кездесу сәуір айында Лесная поляна тұрығындарымен басталып, соңғы кездесу қараша айында аяқталды. Сол кездесулерде айтылған проблемалардың 80 пайызының орындалуына қол жеткіздік. Бұл жаман көрсеткіш емес. Оның қалған 20 пайызы орындалу үстінде. Бұл бағытта орталық билікке тиісті депуттық сауалдар жолданды. 58 рет тұрғындармен жеке  қабылдау ұйымдастырылды. Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлескен 33 жиын өтті.  19 сессия жұмысы болды. 6 арнайы депутаттық сағаттар өтті. Түрлі сатыдағы билік органдарына 94  депуттық сауал жолданды. Оның ішінде мемлекеттік органдар және облыстық және жергілікті органдарға жолданған сұрақтар бар. Қазір шешілмей отырған сауалдардың орындалуын бақылауда ұстап отырмыз, бұл бағыттағы жұмыстар жүріп жатыр. Биыл 15-ке жуық кездесу өтті. Сосын әрбір депутат апта сайын сәрсенбі күні халықпен кездеседі. Оған міндетті түрде қоғамдық кеңес мүшелері қатысады. Басты мақсат мемлекеттік органдар, жергілікті билік мәселелерді мәслихаттармен бірлесе отырып шешу. Әкім өткізетін жиындарға біздің депуттар қатасысады, ал мәслихат өткізіп жатқан жиындарға әкімшіліктен немесе жергілікті билік өкілдерінен тиісті басшылық қызметкерлер міндетті түрде қатысады. Осылай біз түйінді мәселелерді бірдесіп шешудеміз. Мен төраға ретінде депуттық сауалдардың орындалуын үнемі басты назарда ұстаймын.

– Мәслихат қызметкерлерінің мойнына артылар жауапкершілік жүгі қашанда ауыр. Депуттар қосымша оқу курстарынан өте ме?

Мәслихат жұмыстарын реформалаудағы тағы бір бағыт депуттардың этиканы сақтауы және олардың білімі мен біліктілігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылған. Мәслихат депутаттары аймақтағы адамдардың өміріне әсер ететін маңызды шешімдер қабылдауға жауапты тұлға. Олар өз міндеттерін тиімді орындай алуы үшін әр түрлі салада өз біліктілігі мен білімін ұдайы арттырып отыру қажет. Ол бағытта қандай жұмыстар атқарып жатырмыз? Біздің депуттар биыл қосымша біліктілікті арттыру оқуларынан өтті. Депуттардың оқуы міндетті және тұрақты болу керек. Бұл оқулар олардың біліктілігін арттыру сондай-ақ жалпы өңірлік басқарудың тиімділігін қамтамасыз ету ұйымдастырылады. Әр депутаттың білімі, киім-киісі, халықпен кездесуде өзін-өзі ұстауы, этикалық нормаларды сақтауы сияқты мәселелер бәрі біздің жіті қадағалауымызда.  Халық қалаулылары өздерінің депутаттық міндеттерін орындау барысында өз сайлаушыларымен кездесіп, үнемі жеке қабылдаулар өткізеді. Атқарған жұмыстары туралы жылына бір рет сайлаушылары алдында есеп береді.

– Мәслихаттың негізгі жұмыстарының бірі бюджеттен бөлінген қаражаттың дұрыс әрі әділетті жұмсалуын бақылау. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар бойынша не айтуға болады?

Биыл қыста Қосшы қаласындағы қар шығару жұмыстарына облыстық бюджеттен жеткілікті қаражат бөлінді.  Осы бөлінген қаражаттың тиімді игерілуіне және оның мақсатты жұмсалуына біздің депуттар зор үлес қосты. Қаңтар, ақпан айларында Ирина Осипова және Мақсат Ташенов деген екі депутатымыз бастамашыл болып, арнайы жұмыс тобын құрып, қыс мезгіліндегі қар шығару жұмыстарына жіті бақылау жасады. Ол жұмыстар өзінің оң нәтижесін берді деп ойлаймын. Көктемде еліміздегі көптеген елді-мекендерді су алып жатқанда, Қосшы ол апаттан аман қалды. Бұл да біздің депуттардың тиімді жұмыстарының бір көрінісі деп айта алам.

– Қарапайым адамдар жеке мәселесі бойынша мәслихат депутаттарына қалай жүгіне алады?

– Тұрғындар жұмыс аптасының кез келген уақытында бізбен кезексіз кездесіп, өздерінің талап-арыздарын жеткізе алады. Ең ашық мәслихат Қосшы қаласының мәслихаты деп айта алам. Біз бүгін қабылдау күні емес деп отырмаймыз. Бұған қоса депуттар әр сәрсенбі кезекпен тұрғындарды жекелей қабылдайды. Жалпы біз халықпен кабинетте ғана емес, олардың ортасында көп болып, сол жерде тұрғындардың талаптарын тыңдап, тиісті органдарға жеткіземіз.

– Әңгімеңізге рахмет!