Жұмыссыздар, ауыр дертке шалдыққандар мен жақыны қайтыс болғандардың несиесі кешірілуі мүмкін

Автор: Аубакирова Нургуль

Коллекторлық агенттіктер берешегі бар әрбір азаматтың мәселесін жеке-жеке қарастырады

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі коллекторлық агенттіктердің жеке тұлғалардың қарызын реттеу ережелерін әзірледі. «Ашық НҚА» порталында жарияланған құжатты талқылау мерзімі аяқталған, қазір қаулы Әділет министрлігінің қарауында жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаулыда коллекторлық агенттіктердің берешекті реттеу жөнінде шешім қабылдау тәртібі бекітілген.

Коллекторлар қарыз алушыға берешекті кейін төлеуге немесе бөліп төлеуге, қарыз мерзімін өзгертуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар айыппұлдарды азайтуы немесе алып тастауы, негізгі борыш пен сыйақы бойынша берешекті толық немесе ішінара кешіруі мүмкін.

Осы ереже қолданылатын қарыз алушылардың санатына мына адамдар кіреді:

  • жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер немесе орташа айлық жалақысы 30 пайызға азайғандар;
  • өзі немесе бірге тұратын жақыны халықтың әлеуметтік осал тобына жататын немесе атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғандар;
  • «Екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі белгіленген аурулардың тізбесін бекіту туралы» бұйрықта қарастырылған дертке байланысты 2 айдан астам уақытша еңбекке жарамсыз қарыз алушы немесе мына ауруға шалдыққандар:
  1. 3 топ мүгедектігі бар ВИЧ-инфекция;
  2. туберкулез менингиті, сүйек-буын туберкулезі, кең дәрілік тұрақтылығы бар туберкулез, бактерия бөлінетін өкпе туберкулезі;
  3. қатерлі ісік;
  4. 3 топтағы мүгедектігі бар, дәнекер тіннің жүйелі зақымдануы;
  5. 3 топтағы мүгедектігі бар, орталық жүйе жүйесі аурулары.
  • қарыз алушы немесе оның жұбайы бала тууына немесе жаңа туған нәрестені асырап алуына не сәби үш жасқа толғанға дейін бала күтіміне байланысты демалыста болса;
  • жақын туысқанының, жұбайының өлімімен, сырқатымен байланысты міндеттемелер белгіленген қарыз алушы;
  • жазатайым оқиға, өрт, су басу, ұрлық салдарынан материалдық шығынға ұшыраған қарыз алушы.

Сонымен қатар, кепіл берушіге қарызды өтеу үшін ипотекаға қойылған жылжымайтын мүлікті өз бетінше сатуға мүмкіндік беріледі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл өзгерістер «жұмыссыздар мен аурулардың берешегі жаппай кешіріледі дегенді білдірмейтінін» атап өтті. Коллекторлық агенттіктер әр қарыз алушының мәселесін жеке-жеке қарастырып, шешім қабылдайды.

Қаулы жобасы қазір әділет министрлігінің қарауында жатыр.

Тегтер: