Қазақстанның арзан автогазы көршілес елдерге заңсыз кетіп жатыр – Бектенов

Автор: Нұргүл Абай

Сұйытылған газ бағасы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанмен салыстырғанда 2 есе төмен

Фото: istockphoto.com

Премьер-министр Олжас Бектенов елімізде сұйытылған мұнай газы арзан болғандықтан, ол көршілес елдерге заңсыз тасымалданып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, сұйытылған газ мұнай-газ химиясы үшін құнды әрі тапшы шикізат болып отыр. Қазақстанда сұйытылған газды автомобиль отыны ретінде пайдалану көлемі артып келеді. Елімізде оның бөлшек саудадағы бағасы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және алыс шет елдермен салыстырғанда шамамен 2 есе төмен.

«Ал, бағаның төмен болуы ірі көлемде сұйытылған газдың шектес елдерге заңсыз шығарылуына әкеп соқты. Мен бұған дейін тиісті мемлекеттік органдарға сұйытылған газдың «көлеңкелі» экспортын, оның ішінде қылмыстық жауапкершілікті белгілеу арқылы жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырдым. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректеріне сәйкес, сұйытылған мұнай газын шетелдерге заңсыз шығарудың 14 фактісінің жолы кесілді», - деді Бектенов үкімет отырысында.

Премьер бұл жұмысты жалғастыруды, әсіресе, тұтыну көлемі негізсіз құбылып отырған Атырау және Абай облыстары мен бірқатар шекаралас өңірлердегі жағдайды ерекше бақылауға алуды тапсырды.