Құс өсірушілерді қолдау мақсатында 5 млрд теңге бөлінеді
Дағдарыс жағдайына байланысты жұмыртқа өндірушілерді қолдау туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
«Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» мемлекеттік бағдарламасында 2020 жылдан бастап жұмыртқаларға тауарлық субсидияларды алып тастау қарастырылған. Субсидияны алып тастау туралы норма 2017 жылы мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәтте құс фабрикалары басшылары мен құс өндірушілердің салалық қауымдастығымен келісілген болатын. Алайда, COVID 19 вирусының таралуынан туындаған дағдарысқа байланысты, 2020 жылы жұмыртқаның өзіндік құны күрт өсті. Осыған байланысты, Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыртқа өндірушілерді қолдауды және өнімнің бірлігіне субсидиялау нормасын 3-тен 1,5 теңгеге дейін төмендете отырып, «азық-түлік жұмыртқаларын өндіруді субсидиялау» бағытын сақтауды ұсынды», - делінген хабарламада.
Министрліктің хабарлауынша, құс өсірушілерді қолдау және сәйкесінше жұмыртқаның өзіндік құнын төмендету үшін Үкіметі 5 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Үкімет жұмыртқа өндірушілерге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдетілген қаржы алу мүмкіндігін берді.
«Бұл құс фабрикалары қиын кезеңде өзін жеммен қамтамасыз ете алуы үшін жасалды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне асыл тұқымды құс сатып алуға субсидия түрінде және экспорттық өнімді тасымалдау шығындарына қосымша қолдау көрсетіледі», - делінген ақпарда.
АНЫҚТАМА:
Естеріңізге салсақ, Қазақстанда жұмыртқа өндірісімен айналысатын 31 құс фабрикасы бар. Олар жылына шамамен 5,5 млрд жұмыртқа өндіреді. Отандық өндіріс қазақстандық нарықтың 100%-дан астам қажеттілігін қамтамасыз етіп отыр. Демек, құс фабрикаларының артық өнімді шет елдерге экспорттау мүмкіндігі де бар. 2019 жылы құс фабрикалары 527 млн дана жұмыртқаны экспорттады. 2020 жылғы қаңтар-ақпан айларында экспорт көлемі 1542 тоннаны (30,8 млн дана) құрады.