Постдағдарыстық кезең: Елдегі шағын қаржы ұйымдарының 60 пайызы нарықтан кетеді
Төтенше жағдай режимі тағы 2 аптаға ұзартылды
Президент елдегі қазіргі ахуалға байланысты және Мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге алып, төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық қабылдады. Президент үндеуін елдегі мыңдаған кәсіпорын мен орта және шағын бизнес өкілдері үлкен үмітпен күткен еді. Бүгін олар тағы да екі апта жағдайдың өзгеріссіз қалатынына амалсыз көнді.
Үш күн бұрын сұлулық индустриясының 35 мың өкілі бүгінгі күннен бастап жұмыс орындары ашылады деп үміттенген. Алайда, бұл саланы да іске қосу мерзімі шегерілді. Олардың санатына елдегі шағын қаржы ұйымдары мен несие беру мекемелері де қосылып отыр. Ломбардтар, онлайн несие беру ұйымдары, шағын несие бірлестіктері өткен 42 күнде шығынға батқанын айтып дабыл қағып отыр. Банктік емес ұйымдар да енді 11 мамырға дейін карантин тәртібіне сәйкес, жұмысқа шыға алмайды.
Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі тілшісі Автокөлік құралдарын кепілдікке қою арқылы несиелендіру компанияларының қауымдастығы төрағасы Дулат Тастекейден қалыптасқан жағдайға байланысты мәліметтер беруді сұраған еді. Кәсіпкер елде 2 мыңға жуық шағын несиелік ұйымдардың жұмыс істеп жатқаны туралы алдыңғы сұхбаттардың бірінде айтқан болатын. Онлайн несие беру мен кепілдікке дүние-мүлікті қойып қарызға ақша алуға қатысты заңнамалық өзгерістер туралы төмендегі сілтемеден оқуға болады.
Оқи отырыңыз: Ломбардтар несие тарихын тексереді: шағын қаржы ұйымдары өзгеріске дайын болмай шықты
Қауымдастық төрағасының айтуынша, төтенше жағдайға байланысты қалыптасып отырған жағдай қиын. Барлық шағын несие ұйымдары мен ломбардтар Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында карантин басталған күннен бастап жабылды. Аймақтарда да жағдай солай. Мұндай орта және шағын кәсіпкерлік ұйымдардың қашан іске қосылатыны белгісіз. Бұл саланың өкілдері ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне бірнеше рет хат жолдап, жұмысты жалғастыруға рұқсат сұраған.
«Шағын несие ұйымдары мен ломбардтар ТЖ кезінде күйзеліске түсетін саланың бірі екені анық болды. Азық-түлікпен қамтамасыз ететін мекемелер мен өзге кәсіпорындарға қарағанда, бізде табыс көзі бірден қысқарды. Бірақ онлайн тәртібімен кейбір клиенттермен төлем жасасып, қарым-қатынасты үзбеген ұйымдар болды. Олар тым аз. Біздің саладағы кәсіпкерлердің 80-90 пайызы бұл жағдайға дайын емес болатын. Олардың кассадан басқа төлем қабылдайтын немесе қаржыны беретін басқа инструменттері жоқ. Тиісінше, операцияның бәрі тоқтады»,- дейді Дулат Тастекей.
Банктік емес ұйымдар тап болған үлкен проблемаға тұтынушылардың несиелік төлемдерін шегеру итермеледі. Екінші деңгейлі банктер сияқты шағын қаржы ұйымдары да 15 наурыз бен 15 маусым аралығында үш айлық несие каникулын жасауы тиіс. Д. Тастекей ірі банктер сияқты емес, айналымында қаржысы аз мұндай мекемелер үшін тұтынушылар тарапынан несие төлемдерінің тоқтауы қатты соққы болғанын айтады .
«Президенттің нұсқауы негізінде жаңа агенттік (Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі - авт.) жарлық шығарды. Жарлық №167 деп талады( «Төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру тәртібін бекіту туралы» ҚНРДА төрағасының 26.03.2020ж. №167 бұйрығы - авт.) Біз өзімізге жүгінген клинеттеріміздің несиелік қарыздарын үш айға шегеру керек болатынбыз. Ал мұны халық түсінген жоқ. Халық бізге үш ай несие төлемеуге болады, тегін екен бәрі деп ойлап қалды. Банк болсын, шағын несие ұйымдары болсын, кредитті үш ай бойы төлемейді екенмін деген сарында топырлап арыздар келіп түсті. Ол өтініштердің бәріне жеке-жеке жауап беруге міндетті болдық, олай істемесек, шағым түседі. Содан кейін агенттік келіп, қоқан-лоққы көрсетеді дегендей мәселе де бар. Ондай клиенттер компанияға келіп жатқан қаржы мен табыс көлемін құлдыратты»,- дейді шағын несие ұйымының өкілі.
Биыл ломбардтар, онлайн несие беру ұйымдары, шағын несие бірлестіктері 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін қайта тіркеуден өтуі тиіс. Қаржы нарығын, шағын қаржы ұйымдарының әрекеті мен салықтық төлемдерін қайта реттеу туралы заңға былтыр 3 шілдеде қойылған болатын. Алайда, ТЖ-ға орай бұл тіркеудің мерзімі кейінге шегерілген жоқ. Яғни, енді екі айдың ішінде шағын кредиттік ұйымдар жаңа тәртіппен жұмыс істеуі тиіс.
«Президенттің бүгінгі мәлімдемесіне байланысты 11 мамырға дейін төтенше жағдай жалғаса береді. Біз қайта тіркеуден өту үшін биыл 1 мамырға дейін агенттікке құжаттарымызды өткізіп бітуіміз керек едік. Алайда, 40 күннен бері жабық тұрған кеңселеріміз бен жұмысшылардың үйде отырғанын ескерсек, бұл талап қалай орындалмақ деген сұрақ туындайды. Ал оның уақытын ұзарту туралы мәлімдеме жасалған жоқ. Бұл да біз үшін үлкен сынақ, жығылғанға жұдырық болып тимек», - дейді кәсіпкер.
Тұтынушыға шағын несие беретін қаржылық ұйымдар дағдарысқа байланысты мемлекеттен көмек алатын кәсіпорындар тізіміне енбеген. Біз жоғарыдан түскен нұсқау бойынша халыққа несие мерзімін ұзартуға тырысып жатырмыз, ал Үкіметтен аталған бизнес өкілдерін қолдауды сезгеніміз жоқ дейді шағын бизнес өкілдері.
«Бұл жағдайдан кейін, яғни постдағдарыстық кезеңнің айтарлықтай зардабы болады. Біз енді сол кезеңді қорқынышпен күтіп отырмыз. Бұл нарықта ойыншылар саны азаяды. Көбі шыдай алмайды. Оған жоғарыда айтқан Қаржы нарығын реттеу агенттігінің қойып отырған талаптары да бар. Менің ойымша, шағын несие беру ұйымдарының 50-60 пайызы жабылады. Оның зардабы айналып келгенде тағы да тұтынушыға әсер етеді. Несие ұйымдары шарттарды қиындатып, бәсекелестіктің болмауынан бұл қызметті ұсынушылар ойларына келгенін істейтін болады. Өнім қымбаттайды», - деп алаңдайды қауымдастық төрағасы.
Сөз соңында кәсіпкер фискальды органдардың бизнеске бағытталған қысымның да артатынына назар аударады. Оның айтуынша, биыл бірінші маусымнан бастап банктегі есепшоттан қаражат шешіп алуға шектеулер қойылмақ. Шағын кәсіпорындарға бір айда 20 млн теңгеден артық, орта кәсіпорындарға 120 млн теңгеден артық, ал ірі кәсіпорындарға 150 млн теңгеден артық қаражат алуға тыйым салынады. Одан бөлек, қаражат алу үшін Мемлекеттік кірістер департаментінен жазбаша рұқсат алу міндеттеледі.
«Бұл өзгеріс кәсіпорындарды, яғни кассадан қолма-қол ақша беретін мекемелерді қолдан тұншықтыру деп ойлаймын. Артық қаражат керек болса, кәсіпкер салық органдарынан барып рұқсат алып, олардың келісімін алу үшін үш жұмыс күнінде жауап күтуге тура келеді. Яғни, тағы да сыбайлас жемқорлыққа жол ашылады. Салық органдарының бизнеске деген қосымша қысымы сөзсіз пайда болады. Бұл қолма-қол айналымда жүрген ақшаны азайту үшін жасалып отырған қадам ба, әлде валюта нарығындағы тұрақсыздыққа қарсы жасалып отырған шаралар ма, біз үшін қазір түсініксіздеу болып тұр», - дейді Д. Тастекей.
Қазақстанның валюта айырбастау пункттері қауымдастығының президенті Аршын Ғалымбаев та бүгінгі Президент мәлімдемесіне орай Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі тілшісіне пікір білдірді. Қазақстанның барлық аймағында биыл 27 наурыздан бастап ақша айырбастау орындары жабылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі сөзіне қарағанда, бұл қаржылық ұйымдар да бір жарым ай бойы жұмысын тоқтатады.
«Біз де ел сияқты карантин тәртібін сақтауға міндеттіміз. Әрине 11 мамырда ашыламыз деген үміт бар. Қазір қауымдастық жетекшісі ретінде өз әріптестеріммен ақпарат алмасып отырмын. Бұл салада бұрын-соңды болмаған жағдай қалыптасты. Айырбастау орындарында аренда бар, ал жұмысшыларға жалақы жүріп жатыр. Көп жерде ғимарат иелері ТЖ-ға қарамастан жалға беру құнын төлеуді сұрап отыр. Ешкім тоқтатқан жоқ. Осының астын сызып айтқым келеді. Мұның барлығы пайда әкелу тұрмақ, шығын болып тұр», - дейді А. Ғалымбаев.
Қазақстан бойынша валюта айырбастаумен айналысатын 800 серіктестік бар, олардың әрқайсысында кем дегенде үш пен онның арасында айырбастау нүктелері болатын. Айырбастау орындары да Республикалық жедел штабқа жұмыс істеуге рұқсат беруді сұрап, хат жолдаған. Алайда, карантинге байланысты ақша айырбастау орындарына рұқсат берілмеген. Аршын Ғалымбаевтың айтуынша, әр айырбастау орны бір айда шамамен, 2 млн теңге шығынға батады. Оның жартысы жұмысшыларға жалақы төлеу, жалға алу құны мен күзетке кетеді, қалғаны валютаны айырбастаудан түсетін табыс болатын.
«Наурыз айының соңынан бастап, сәуір айы толықтай, енді мамырдың ортасына дейін барлық айырбастау орындарында жұмыс болмайтынын ескерсек, 1,5 айдан артық уақыт тоқтайды. Шығын дегенде, біз нысандардағы күзеттерді алған жоқпыз. Күзет қызметі бар, одан тыс, тәулік бойы жедел әрекет ететін батырманы (тревожная кнопка - авт.) қадағалайтын арнайы қызмет жұмыс істейді. Осы екеуіне жалақы тоқтатылған жоқ. Одан тыс, есепші, касса қызметкерлерін мәжбүрлі демалысқа жібергеніміз жоқ, жалақылары жүріп жатыр. Одан тыс, салық та ешқайда кетпейді, ол да төленетін болады. Осы шығындарды есптегенде, айтарлықтай сома қордаланды», - дейді қауымдастық басшысы.
Қазақстан қор биржасы (KASE) бүгін сағат 11:00-дегі сауда-саттық қорытындысы бойынша 1 АҚШ долларын 430,79 теңге деп бекітті. Ол кешелі бері 20 тиынға арзандаған.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы