«Олигополиямен біраз күресуге тура келді»: Қазақстанда жылу энергетикасын реттейтін жаңа заң қалай пайда болды
Жылу энергетикасы өз алдына бөлек сала болды
Қыстың қытымыр аязында жылусыз қалу, өкінішке қарай, қазақстандықтарға жақсы таныс дүние. Әбден тозығы жеткен жылу электр орталықтары әр қыс сайын істен шығып, тұрғындарды әбігерге салады. Бір емес, бірнеше кезекті апаттан кейін энергетика министрлігі елдегі барлық ЖЭО-ның техникалық жай-күйіне талдау жасады. Жағдай көңіл көншітпейді. Халықтың ақшасына баюды білетін олигархтар стратегиялық маңызды нысандардың жөндеуіне бір тиын да бөлмеген. Отыз жылдағы олқылықтардың орнын толтыру үшін Парламент Мәжілісі жылу энергетикасы саласын реттейтін заң қабылдады. Жаңа заң нені өзгертеді? Алдағы жылу маусымында адамдар тағы тоңып қалмай ма? Депутаттардың олигархтармен айқасы қалай аяқталды? Azattyq Rýhy тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеді.
Тәуелсіздік жылдары қабылданған алғашқы заң
Қазір елімізде жылу орталықтарының тозу деңгейі орташа 66 пайызды құрап отыр. Мәселен, Арқалықтағы ЖЭО – 90%, Оралдағы «Жайықжылуэнерго» – 87,5%, Балқаш жылу орталығы мен МАЭК-тің 80%-ға тозған. Ал 13 мың шақырым жылу желілері 53 пайызға ескірген.
Мәжіліс депутаты, осы заңның басы-қасында жүрген Еділ Жаңбыршинның айтуынша, шындығында бұл тәуелсіздік алғалы алғаш рет қабылданып отырған заң. Бұған дейін жылу энергетикасы бөлек сала ретінде қаралмаған.
«Бұрын жылу энергетикасы саласы электр энергетикасы туралы заңның аясында қаралатын. Соның көлеңкесінде қалып қоятын еді. Ал енді Жылу электр орталықтары мен қазандықтардағы апаттар, қыста Екібастұз, Риддер, Степногор қалаларының қатып қалуы – бәрі осы саланың өз алдына бөлек сала етіп шығару керектігін көрсетті. Жалпы қандай да бір реформа жүргізу үшін бізге заңдық негіз керек. Мемлекеттік органдардың құзыреті, жауапкершілігі, қаржы мәселесі, жүйелі түрде жұмыс істеуі, олардың дамуы бәрі заңға келіп тіреледі. Осыған байланысты Жылу энергетикасы туралы заң және оған ілеспе заңдар қабылданды», - деп түсіндірді мәжілісмен Azattyq Rýhy тілшісіне.
Жаңа заңда жылу энергетикасы саласын реттейтін мемлекеттік саясат қамтылған.
Енді ЖЭО-ны тексеру үшін рұқсат алудың қажеті жоқ
Жаңа заңға сәйкес, жылу энергетика саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалау күшейеді. Енді мемлекеттік органдар ЖЭО-ларды қашықтан да, барып та тексере алады. Тіпті іс қозғап жіберу мүмкіндігі бар.
«Бұрын жылу орталықтарын барып тексеру өте қиын болатын. Себебі прокуратурадан рұқсат алу керек, біреу арыз жазу керек еді. Оның үстіне бизнесті тексеруге мораторий жарияланды, сөйтіп біз мемлекет тарапынан кіре алмадық. Ал қазір біз жылу орталықтары мен жылу желілерін қашықтан бақылау мүмкіндігін беріп отырмыз. Олар барлық ақпаратты сұратып, құжаттарын зерттеп, тексереді. ЖЭО-дағы жабдықтардың жай-күйін, қашан салынды, жөнделді ме, жоқ па, бәрін біліп отырады. Мекемеге бармай-ақ басшыларын жинап, қашықтан тапсырма береді. Сонымен қатар біз заңға тергеу деген түсінік енгіздік. Яғни іс қозғай алады», - деді Еділ Жаңбыршин.
Бұған қоса шенеуніктер де жылу орталығын барып тексере алады. Депутаттың айтуынша, тексерістің екі түрі – жоспарлы және жоспарсыз түрі бар. Жоспарлы тексеріс бекітілген кестеге сай жүреді. Ал егер жылу орталығында апат болып, жеке тұлғалар экологияға, адам өміріне қауіп төнетін заң бұзушылықтар туралы шағымданса немесе елді мекенге шығын әкелетін жағдайлар туралы арыздар түссе, онда жоспарсыз тексеріс жүргізіледі.
ЖЭО-лардың олигарх қожайындары жауапқа тартыла ма?
Депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, Жылу электр орталықтарының артында тұрған олигархтарды жауапкершілікке тарту мәселесі парламент қабырғасында қызу пікірталас тудырған.
«Мен жұмыс тобында тек орынбасары, қарапайым қызметкерлері ғана жазаланбай, қожайындарына да жауапкершілік қарастырайық деген ойымды айттым. Бірақ талқылай келе бұл өте қиын мәселе болып шықты. Себебі бұл бірнеше заңды қамтиды. Құрылтайшылары бір емес, бірнеше адам болуы мүмкін. Оның қайсысы жауапты екені белгісіз. Сондықтан заңмен реттеу қиынға соқты. Оның үстіне алдымызда жылу маусымы келе жатыр, заңды тездетіп шығаруымыз керек болды. Сол себепті біз бұл мәселені әлі де пысықтап, зерттейік деп кейінге қалдырдық. Өз басым оған шешім таба алмадым», - дейді ол.
Есесіне жаңа заң аясында бірінші басшыларға әкімшілік жауапкершілік қатаңдатылған. Мысалы, әзірлік паспортын алу мерзімін бұзғаны үшін 50 АЕК-тен (184 мың теңге) 1500 АЕК-ке (5,5 млн теңге) дейін айыппұл салынады.
Айта кетері, әзірлік паспорты – жылу өндіруші және жылуды тасымалдаушы субъектілердің күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындығын растайтын құжат.
Сондай-ақ жылумен жабдықтаудың технологиялық процесінде кідіріс болып, үйдегі қондырғылар мен жылу желілерінен ақау шықса, тұтынушылар шығынды өтеуді талап ете алады.
Жаңа заңда жылу энергетика объектілері басшыларының құқықтары мен міндеттері де белгіленген. Енді жылу өндіретін субъектілер өз нысанын тоқтатқысы келсе тиісті мелекеттік органға бес жыл бұрын хабар жіберуі керек. Бұл өз кезегінде жаңа жылу көздерін салуға немесе ескі қондырғыларды жаңалауға мүмкіндік береді.
Негізсіз байыған делдалдардың дәурені өтті
Мәжіліс қабылдаған маңызды нормалардың бірі – ондаған жылдар бойы халықты тонап, негізсіз байып келген делдалдардың, яғни энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметін тоқтату. Депутаттар мен олигополияның айқасы бірнеше айға созылған. Ақыры халық қалаулылары жеңіп шықты. Энергетика саласына бір тиын инвестиция салмай делдалдық қызмет атқарған энергиямен жабдықтаушы ұйымдар жойылатын болды.
«Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың екі түрі бар. Біреуінің тарифі мемлекет тарапынан реттеледі, екіншісі бағаны өздері қояды. Сол өздері қоятын компаниялар тарифті негізсіз көтеріп, үлкен пайда тауып отырған. Мысалы Екібастұз ГРЭС-інің өзі үлкен қуаты бар, шығыны мен пайдасын, бәрін есептегенде 1 киловатты 8 теңгеге сатып отырса, олар деген киловатына 25 теңгеге дейін пайда көрген. Түк шығармайды, бір желісі не трансформаторы жоқ, ешқандай материалдық техникалық базасы жоқ, бірақ көрген пайдасы орасан. Осы делдалдардың жұмысы халықтың нарызылығын тудырған еді. Президент те бұл саланы реттеңдер деп тапсырды. Осыған байланысты біз былтыр зерттеп, делдалдарды нарықтан алып тастау туралы ұсыныс бердік», - дейді Жаңбыршин.
Айтуынша, 1 сәуірден бастап тарифі реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдар жабылды. Ал 2025 жылғы 1 қаңтардан тарифі реттелетін энергиямен жабдықтаушы компаниялардың лицензиясы тоқтатылады.
«Енді энергия жабдықтаумен айналысатын, қарапайым тілмен айтқанда ақша жинаумен айналысатын компанияларға лицензия алу үшін талап қойылады. Енді олардың иелігінде төрт класты жоғары кернеулі желісі, сол желілерге қосылған кемінде 30 мың абоненті болуы керек және ұлттық оператор KEGOC-тың жүйесіне қосылуы шарт. Яғни өзінің материалдық ресурсы бар компаниялар ғана энергиямен жабдықтаушы қызметпен айналыса алады», - деп түсіндірді депутат.
Делдалдарды электр энергиясы нарығынан шығару оңайға соқпаған. Мәжіліс депутаттарына бұл норма үшін күресуге тура келген. Жұмыс тобында Жаңбыршинді қолдаған депутаттардың арасында Самат Мұсабаев, Қайрат Балабиев, Құдайберген Бексұлтанов, Арман Қалықов, Бауыржан Смағұлов, Ажар Сағындықова мен Аманжол Әлтай бар.
«Делдалдардың артында үлкен қаржылық топтар бар. Біреуінің артында Клебанов, тағы біреуінде Идрисов бар деп естиміз. Біз олармен тікелей кездескен жоқпыз, оның қажеті де болмады. Біз тек өз нормамызды ұсындық. Бізді премьер-министр, Мәжілістің төрағасы, Президент әкімшілігі қолдады. Себебі, шынын айту керек, олар нарықта таза затпен айналысып отырған жоқ. Миллиардтап тапқан ақшасынан энергия жүйесіне бір тиын да салмаған. Олар тек байып қана отыр, ал ақшаны қайда салады, неге жұмсайды – ешкім білмейді, күмәнді», - дейді Жаңбыршин.
Тариф төмендей ме, әлде қымбаттай ма
Қазақстандықтарды жаңа заң қабылданғаннан кейін жарық пен жылудың тарифі қалай өзгереді деген сұрақ мазалайды.
Депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, қазір бізде жеке тұлғаларға, заңды тұлғаларға және бюджеттік ұйымдарға арналған тарифтер бар. Бюджеттік ұйымдар мен заңды тұлғалардың тарифі жеке тұлғаларға қарағанда көп. Себебі қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсірмеу үшін қалған екі тарифті көбейтіп, дотация жасап отырған.
«Енді делдалдарды алып тастағаннан кейін заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдар үшін тариф төмендей бастады. Ал жеке тұлғалар үшін өзгеріссіз қалады. Біз әлеуметтік шиеленіс болмасын деп олардың тарифін ұзақ жылдар көтерген жоқпыз. Заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдардың тарифін көтеріп, жеке тұлғаларға бағаны көтермей, былайша айтқанда субсидия жасап келдік. Енді мұның бәрін реттеуіміз керек, олардың арасында үлкен алшақтық болмауға тиіс. Себебі бәрі бірдей тұтынып отыр, тоқ бәріне бірдей келеді, әркім өзі тұтынған киловатына сәйкес төлеуі керек. Жеке тұтынушыға да, заңды тұлғаға да тоқ беріп тұрған бір станция, бір жабдық. Олар бір жағдайда тозып жатыр», - дейді мәжілісмен.
Ол жылу энергетикасы саласында реформа енді-енді басталғанын, сондықтан тариф кей өңірлерде көтеріліп, кейбір облыстарда төмендеу мүмкін екенін ескертті.
«Делдалдарды бүгін алып тастадық, ертең тариф түседі деген ой болмасын. Бұл өте сезімтал мәселе, мұның есебі керек. Екінші жағынан, бізде жылу электр орталықтары мен қазандықтар, жылу желілері әбден ескірген, оларға жөндеу қажет. Ал оның бәрі тарифке байланысты.Тарифті шектен тыс көтере бермеу үшін кезінде мен сырттан қайтарылып жатқан активтерге тозығы жеткен ЖЭО-ларды жөндеуді ұсынғанмын. Сол кездегі премьер-министр Әлихан Смайылов менің депутаттық сауалыма «сіздікі дұрыс, біз қолдаймыз» деп жауап берген. Сондықтан кейбір өңірлерде мәселені осылай шешуге болады деп ойлаймын», - дейді Жаңбыршин.
Алдағы қыс та халық тоңбай ма?
«Болжам айту өте қиын. Бірақ биылғы қыстан жаман шыққан жоқпыз деп айтуға болады. Президенттің, Үкіметтің тапсырмасына сәйкес кешенді жұмыстар жүргізіліп, Парламентте біз осы мәселені арнайы тақырып ретінде былтыр тыңдадық. Осының бәрі нәтижесін берді», - деп санайды депутат.