Астананың канализациясы үшін Жапониядан 2042 жылға дейін 136 млн доллар қарыз алынған

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы 73,4 трлн теңгеге тең

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Қазақстан бюджетінің кірісінен шығысы көп. Оның орнын толтыру үшін қолданылатын бірінші әдіс - Ұлттық қор қаражаты болса, екіншісі - қазына қаражатының жыртығын жамау үшін өзге мемлекеттерден қарыз алу, деп жазады Azattyq Rýhy.

Ұлттық Банктің дерегінше 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдайға сәйкес Қазақстан Республикасының сыртқы борышы – 162,7 млрд АҚШ долларына тең яғни, теңгемен шаққанда 73,4 трлн теңге. Сөйтіп, елдің сыртқы қарызы бір жылда 2 млрд долларға өскен.  Бұл тек мемлекеттің ғана алған қаражаты емес екенін айта кету керек. Оның ішінде  екінші деңгейлі банктердің сыртқы қарызы, фирмааралық берешек және өзге де секторлар кіреді. Осы ретте, «өзге де сектордың» ішінде квазимемлекеттік ұйымдардың жасырынып тұрғанын бірі білсе, бірі білмейді. Яғни, бұл жердегі мәселе ел экономикасының негізгі драйвері саналуы тиіс ұлттық компаниялардың қарызға белшеден батуында болып отыр. Мысалы, биыл «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының қарызы 2,9 трлн теңгеге жетсе, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының» жылдар бойы жинаған берешегі 4 трлн теңге. Бұл тізімге «Самұрық-Қазынаның» 10 трлн теңге қарызын тағы қосыңыз. Жалпы алғанда «өзге де сектордың» мойнында жалпы алғанда 148,7 млрд АҚШ долларын құрайтын қарызы бар. Бұл жалпы сыртқы борыштың 90%-нан астамы екен.

Бұл ретте Қазақстан Үкіметінің 12 млрд АҚШ долларын құрайтын қарызы бар. Ұлттық Банктің борышы – 2,2 млрд АҚШ долларына тең. Айта кету керек, ЖІӨ-ге шаққандағы мемлекеттің сыртқы борышы – 5,4%.

Экономист Асылхан Аңдашевтың айтуынша, қазіргі Қазақстанның сыртқы қарызы 162 млрд АҚШ доллары десек, бұл соманы әр азаматқа шаққанда 8100 АҚШ долларына тең екен. Осы ретте, үкімет немесе әрбір қазақстандық өзге елдің азаматтарына соншалықты қарыз дегенді білдірмейді. 162 млрд АҚШ долларының негізгі бөлігі жеке меншік фирмалардың сыртқы қарызы болып отыр. Оны төлеуге Үкімет те, халық та міндетті емес.

«Мемлекеттің сыртқы қарызы жыл сайын тұрақты түрде өсуде, алайда қарыз көлемінен емес, сыртқы қарыздың ЖІӨ қатынасына өскенінен қорқу керек. Біздің жағдайымызда Қазақстанның сыртқы қарызы ЖІӨ-ге шаққандағы көрсеткіші жыл сайын азайып келеді. Басқаша айтқанда, Қазақстанның экономикасы сыртқы қарызына қарағанда өсім көрсетіп отыр», - дейді сарапшы.

Үкімет 3 трлн бюджет тапшылығын қалай толтырады?

 Ұлттық Банктің хабарлауынша, Қазақстанның сыртқы қарызына қатысты мәселелер Үкімет бақылауында. Тіпті, 2022 жылдан бастап  квазимемлекеттік сектордың қарыз алуына шектеу қойылған. Өйткені, жүгенсіз кеткен ұлттық компаниялар өзге мемлекеттерден қарыз алып, оны төлей алмайтындай жағдайға жетті. Мысалы, «Қазмұнайгаздың» 2015 жылы 4 млрд доллар қарызын Ұлттық банк төлеп берді. Оның өтемі ретінде Ұлттық банк мұнай компаниясының 10% акциясына ие болды. Бірақ іс жүзінде бұл тиімсіз инвестиция болған еді. Осындай жағдайлардың алын алу үшін лимит қойылған. Соған сәйкес мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор борышының жиынтық мөлшерін жалпы ішкі өнімге шаққанда 53,5%-дан аспауы керек. Ашық НҚА порталында жарияланған бұйрыққа сәйкес, жоспар бойынша 2024 жылы «Самұрық-Қазынаның» сыртқы борышы шекті 12,5 млрд доллар, ал «Бәйтерек» сыртқы борышы шекті 5 млрд доллар деп бекітілген.

Айта кетерлік тағы бір жайт, биыл елдегі бюджет тапшылығы 3 трлн теңгеге жетіп отыр. Оны жабу үшін негізгі тетіктердің бірі тағы да қарызға ақша алу. Қаржы министрлігінің мәліметінше, алатын берешек көлемі ЖІӨ-нің 32 пайызына дейін рұқсат берілген. Ал қазіргі қарыз ЖІӨ-нің 22,8 пайызын құрайды. Яғни, лимитті орындауға әлі де қарызға ақша алуға болады деген сөз. Мысалы, осы айда Қаржы министрлігі бюджет тапшылығын жабу үшін 870 млрд теңге қарыз тартатынын мәлімдеген еді. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәлімдеуінше,  қарызға қаржы тарту облигация орналастыру арқылы іске асады. Осы айға жоспарланған 870 млрд теңге өткен мамыр айындағы көрсеткіштен 1,5 есе артық болып отыр. Сонымен қатар, Павлодар облысы әкімдігі де екі жылдық облигациялар орналастырған. Әкімдік жылдық мөлшерлемесі 0,35%-бен жалпы 1,4 млрд теңгеге облигация шығарды.

Осы ретте, экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, көп жағдайда Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Ұлттық қор және сақтандыру қорлары мен инвестициялық компаниялар және екінші деңгейді банктер сатып алады.

«Біздегі банктер шағын және орта кәсіпорындарға несие бергеннің орнына Қаржы министрлігінің облигациясын сатып алып, сатып пайда тауып отыр деген сының жаны бар. Өйткені, бұл пайда табудың ең тиімді әрі қысқа жолы болып отыр», - дейді сарапшы.

Бұл пікірді Еkonomist.kz де қолдайды. Яғни, Үкімет қарызды бюджет тапшылығын жабу үшін алса, Ұлттық банк коммерциялық банктердің банкротқа ұшырау ықтималдығын азайту үшін алады. Бұл ретте, жеке банктердің де мүддесі жатқанын ескеру керек.

Жалпы алғанда биыл қаржы министрлігі қор нарығына 5,2 трлн теңге қаржы тартуды жоспарлап отыр. Алынатын қарыздың негізгі бөлігі былтырғыдай 10 жылдық мемлекеттік кепілдендірілген ақшалай міндеттемелер деп аталатын облигацияларға тиесілі. Қаржы министрлігі жалпы көлемі 500 млрд теңгеге бір жылдық, екі жылдық – 480 млрд теңге, 510 млрд теңгеге үш жылдық бағалы қағаздарды шығаруды көздейді. Өз кезегінде Қаржыгерлер қауымдастығы болса, жыл басындағы үш айда үкімет 1,9 триллион теңге заем алып үлгенген, бұл бұған дейінгі жоспардағыдан 680 миллиард теңгеге көп болып отырғанын айтады. Яғни, биыл жалпы қарыз алу көлемі 5,2 трлн емес, 6,6 триллион теңгеге жетуі мүмкін.

Таяуда Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының аналитикалық орталығы бюджетке қатысты 2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысын шығарды. Онда бірінші тоқсанында республикалық және жергілікті бюджеттің жалпы шығысының 26%-ы мемлекет борышын төлеуге кеткенін айтып дабыл қағып отыр. Атап айтқанда, осы уақыттағы мемлекеттік қарызды төлеу үшін 721 миллиард теңге жұмсаса, қарыз төлеудегі қызмет көрсету құны 164 миллиард теңге болған. Яғни, бюждет түсімінің төрттен бір бөлігі шетелдік қарызды жабуға жұмсалып отыр.

Қазақстанда шамадан тыс қарыз алу және оның бейберекет жұмсалуын қадағалайтын бюджеттік нақты ереже әлі де жоқ. Қаржы сарапшысы Ғалымжан Айтказинның айтуынша, мұнай бағасы өсіп, экономика ілгерілеген кезде де ел үкіметі қарызға ақша алып, Ұлттық қор қаражатына қол салып отыр.

«Қаржы министрлігінің ай сайынғы қарыз алу саясатыны қарайтын болсаңыздар, борыш алу бюджетке керек болмаған кезеңдерде де қарыз алынғанын көруге болады. Мысалы, елдегі ірі салық төлеушілер бюджетке қаражат құятын «салық апталығы» кезінде де (ақпан, мамыр, тамыз, қараша айларында) Қаржы министірдігі қарыз алуды тоқтатпаған. Мысалы, 2017-2023 жылдар аралығында құны 14,5 трлн теңге сомаға шығарылған бағалы қағаздың 7 трлн теңгесі тиімсіз бағаға саудаланған», - дейді Айтказин.

Оның айтуынша, нарыққа шыққан облигациялардың барлығы айтарлықтай пайда тауып жатқан жоқ.

Қазақстан ең көп қарыз алған 5 мемлекет

Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстанның ең көп мөлшердегі қарызды Нидерланды елінен алған екен. Атап айтқанда 42,6 млрд АҚШ доллары, яғни бұл барлық берешектің 26,2%. Келесі - Ұлыбритания 13,8 млрд АҚШ доллары, одан кейінгі Ресей 13,0 млрд АҚШ доллары, халықаралық ұйымдар 12,9 млрд АҚШ доллары және АҚШ 11,3 млрд АҚШ доллары.

«Нидерланд алдындағы борыш еліміздегі ірі жобаларға, кәсіпорындарға тартылған. АҚШ, Франция, Қытай және Жапониядан алынған қарыз, негізінен пайдалы қазбаларды игеруге және өндіруге байланысты тартылып отыр. Ал Ұлыбритания мен Ресей алдындағы борыш міндеттемелері халықаралық капитал нарықтарында еурооблигация шығаруға байланысты», - деп түсіндіреді Ұлттық банк.

Сонымен қатар, Қазақстан тек дамыған елдерден ғана емес, дамушы мемлекеттерден де қарыз алғанын айта кету керек. Мысалы, Беларусь елінен – 240,8 млн АҚШ доллары, Қырғыз Республикасынан – 237,3 млн АҚШ доллары, Ауғаныстаннан  – 40,6 млн АҚШ доллары, Армениядан – 25,7 млн АҚШ доллары және Оңтүстік Африка Республикасы – 88,1 млн АҚШ доллары, Иран – 45,1 млн АҚШ доллары болатын қарызы бар.

Осы ретте, экономист Асылхан Аңдашевтың сөзінше, санкция астындағы Иран мен халықаралық қауымдастық мойындамаған Ауғанстаннан қарыз алғанда тұрған дәнеңе жоқ.

«Өйткені, Ауғанстандағы кәсіпкер өз атынан Қазақстанда компания ашып, оның шотына инвестиция ретінде ақша тартса, бұл да «Қазақстанның Ауғанстан алдындағы қарызы» ретінде көрсетіледі. Сондықтан, бір елдің екінші ел алдындағы қарыз алуын тікелей мағынада түсіну дұрыс емес», - дейді сарапшы.

Қарызға алған қаражатқа қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Мемлекет алдымен бюджеті тапшы болған кезде қарыз алуға қадам жасайды. Бұл сомаға инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуы мүмкін. Қазақстанда да үлкен жобаларға қазынадан ақша болмағандықтан қарыз алуға және оны ұзақ жылдар бойы төлеуге міндетті болып отыр.

Бізде республикалық маңызы бар салалардағы автожолдардың құрылысына сырттан қарыз тарту қалыпты жағдайға айналған.  Мысалы, «Мерке – Бурылбайтал» трассасын салуға 97 млрд теңге, «Қарағанды – Балқаш» автожолына 248,2 млрд теңге қарыз алынған. Сонымен қатар, мақтаулы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі» де сырттан алған қарыз есебінен салынған. Осы ретте, жол салуға жауапты «Қаз­Авто­Жол» ұлттық компаниясының сыртқы қарызы аз емес. 2022 жылы Еуропа қайта құру және даму банкі, ҚХР Эксимбанкі және Азия даму банкінен жалпы сомасы 2 млрд 552 млн доллар қарыз алған. Оның ішінде үкіметтің кепіл болуымен алынған берешек те бар.

Бұған қоса, Үкімет Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігінен «Астана қаласындағы Әуежайды қайта жаңарту жобасы» бойынша қарыз сомасы - 22,1 млрд. жапон йенасы яғни, 140,5 млн доллар көлемінде қарыз алды. Сонымен қатар, «Астана қаласын сумен жабдықтау және оның кәрiзi жобасы» бойынша қарыз сомасы – 21,4 млрд. жапон йенасы янғи, 136 млн доллар көлемінде берешек алған екен. Екі қарызды да өтеу мерзімі 2042 жылғы деп жоспарланып отыр. 

Осы ретте, «егер Қазақстан алған қарызын өтей алмайтын жағдайға жетсе не болады?» деген сауалдың туындауы заңдылық. Экономист Сапарбай Жобаевтың пікірінше, қазір бізде Ұлттық қорда 60 млрд доллар, Ұлттық банк алтын-валюта қорында 34 млрд доллар валюталық қаржы бар. Сондықтан берешекті қайтара алмай қалу туралы қорқыныш жоқ. Бірақ мамандар қолда бар қаражатқа сенім артып, жөн-жосықсыз, есебі жоқ қарыз ала берудің соңы экономиканың құлдырауына алып кететінін жасырмайды.

Жанат Ерболған