Жалпыға ортақ жолдарда ауыр жүк көліктерінің жүруіне қатаң тыйым салу керек – Смайылов

Автор: Аубакирова Нургуль

ЖАП төрағасының айтуынша, автокөлік жолдарын салмағы ауыр жүк көліктері бұзады

Фото: freepik.com

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов автожол саласына жүргізілген аудиттың қорытындысын баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, автожол саласындағы аудит нәтижелері алаңдатарлық. Шұғыл шешімдер қабылдауды талап ететін айтарлықтай жүйелі кемшіліктер анықталып отыр.

Смайыловтың ақпаратынша, автомобиль жолдарын салуға, реконструкциялауға және күтіп ұстауға соңғы төрт жылда барлығы 1,9 трлн теңге бөлінген. Аудит деректері бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 72 пайызды құрайды.

«Автомобиль жолдарының бұзылуына әкелетін негізгі факторлар – рұқсат етілген массадан асатын ауыр салмақты көліктердің жүруі. Бұл – тасымалдау процесінің жекелеген топтарының мүдделерін қорғау және мемлекеттік органдардың принципті позициясының болмауы себебінен көптеген жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе. Автоматтандырылған өлшеу станциялары орын алған бұзушылықтарды толық көлемде дұрыс рәсімдеп отырған жоқ.  Жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарда ауыр салмақты көліктердің жүруіне қатаң тыйым салу керек. Сондай-ақ мемлекетке келтірілген залал үшін жауаптылықты күшейту қажет», - деп мәлімдеді Смайылов мәжілістің жалпы отырысында.

Оның үстіне жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді және сараптама жасауды талап етпейтін орташа жөндеу жобалары жолдардың жай-күйінің нашарлауына әсер етіп жатыр. Мемлекеттің кепілдігімен алынған халықаралық қарыздар бойынша жобаларды басқару сапасының төмен екені және оларды іске асыру мерзімдерінің ұзаққа созылғаны анықталып отыр.

Смайыловтың айтуынша, мұның бәрі төленген және игерілмеген аванстарға қызмет көрсеткені үшін сыйақы төлеу арқылы республикалық бюджеттің шамамен 40 млрд теңгеге шығынға ұшырауына; жобалардың 294 млрд теңгеге қымбаттауына; «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамына жұмсалғаны расталмаған 21 млрд теңге шығындарын төлеуге әкеп соқты.

«Мемлекеттің кепілдігімен тартылған қаражаттың қол жеткізілген нәтижелеріне тиісті бағалау жүргізілмейді. Осындай қаражат есебінен іске асырылатын жобалардың өзіндік құнын ықтимал арзандату бойынша талдау жасалмайды. Мысалы, кепілдендірілген қарыздар есебінен салынған бір км жолдың құны бюджет қаражаты есебінен салынғаннан орта есеппен 3 есе қымбат. Құрылыс материалдарының тапшылығы және олардың сапасының төмендігі жол салудың және жөндеудің өзіндік құнына да, автожол саласының жобаларын уақытылы іске асыруға да теріс әсер етеді», - дейді ЖАП төрағасы.

Бұдан бөлек автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу кезінде жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жасау тиімділігі төмен. Жолдарды ағымдағы күтіп ұстау үшін қалдықтық қаржыландыру тәсілі сақталып отыр.

Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» компаниясында республикалық маңызы бар автожолдардың жай-күйін күтуге арналған қажетті техникалар жетіспейді.