Мұнай өңдеу зауыттары жұмыс қарқынын төмендетті
Қазақстанның ірі қалаларында жарияланған карантиннен кейін бензин мен дизель отынына деген сұраныс күрт төмендеп кеткен. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Халықтың жанармайды тұтынуы 40%-ға, авиакеросинді тұтыну 70%-ға төмендеп кеткендіктен, мұнай өңдеу зауыттары ең төменгі қуатпен жұмыс істеп жатыр.
«Қоймаларда мұнай өнімдерінің шамадан тыс жиналып қалуын болдырмау үшін Атырау, Павлодар және Шымкент МӨЗ-дерінде мұнай өңдеу мен мұнай өнімдерін шығару көлемдері ең төмен деңгейге дейін азайтылды. Зауыттар өз қызметін жалғастыруда», - делінген аталған хабарламада.
Ұлттық компанияның қызметкерлері арасында қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Әкімшілік қызметкерлердің 70%-ы қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Зауыт қызметкерлеріне құрылымдық бөлімшелер арасында жүріп-тұруға шектеу қойылған.