Бірінші тоқсанда республикалық бюджет кірістері 10,5%-ға төмендеді
2020 жылдың бірінші тоқсанында сыртқы факторлар әсерінен республикалық бюджет кірістері 10,5%-ке төмендеді. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты.
Жалпы, өткен жылдың қаңтар-наурыз айларымен салыстырғанда, бюджет кірістерінің өсу қарқыны 101,2%-ды құраған. Жергілікті бюджеттерде бұл көрсеткіш –133,1%.
«Экономикаға сыртқы факторлардың теріс әсер етуінен республикалық бюджет кірістері 10,5%-ке төмендеді. Бірінші тоқсанда республикалық бюджетке 1 трлн 402 млрд теңге кірістер түсті. Бұл жоспардағыдан 378 млрд теңгеге кем», - деді Ә. Смайылов Үкімет отырысында.
Жоспарланған салық түсімдерінің орындалмауына келесідей сыртқы факторлар әсер еткен.
1. Коронавирус эпидемиясы импортты азайтып, сәйкесінше, одан түсетін қосымша құн салығы азайған. Нақты айтқанда, 11,4 мың салық төлеушіден алынып жүрген 49,1 млрд теңге бюджетке түспей отыр. Сонымен бірге, Қытайдан келетін автокөлік саны 29%-ке қысқарған.
2. Қазақстан экспортқа шығарып жүрген мұнай бағасы 22%, мырыш – 21%, мыс – 9%, алюминий – 10%, қорғасын – 10%, феррохром – 12%-ға арзандап, корпоративтік табыс салығының көлемі азайып кеткен.
3. Бизнес зардап шегіп, ішкі тауарлардан алынатын салық бойынша жоспар 132 млрд теңгеге орындалмаған.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, өңірлерде кірістердің жоспары артығымен орындалды.
«Қалыптасқан экономикалық жағдайға қарамастан, бизнес алдындағы өз міндеттемелерімізді уақытылы орындадық. Есепті кезеңде оларға 193 млрд теңге көлемінде қосылған құн салығы қайтарылды. Бұл 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 84 млрд теңгеге көп. Жергілікті бюджетердің өз кірістері 134 млрд теңгеге артығымен орындалып, 759 млрд теңгені құрады», - деп қосты Ә.Смайылов.
Қаржы министрі айтып отырған «асыра орындалу» бюджетке түскен 127 млрд теңге есебінен іске асқан. Барлық өңірде кірістердің жоспары артығымен орындалған.
Абай Сейфулла , Нұр-Сұлтан