Үкіметте ел экономикасының қазіргі ахуалы сөз болды
Қазақстанда төтенше жағдай кезінде жылдық инфляцияның көрсеткіші 6,4%-ға өсіп, 2020 жылғы болжам дәлізінен (4-6%) асып кетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты.
Ал Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов қаңтар-наурыз айларында жалпы ішкі өнім 2,5% өскенін айтты. Ал былтыр осы уақытта бұл көрсеткіш 3,8 %-ды құраған еді.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2019 жылдың осы уақытында 7%-ға өссе, қазір 6,4% болып тұр. Өткен жылдың наурыз айымен салыстырғанда экономиканың жекелеген салаларындағы көрсеткіштің тежелуі айқын байқалады.
«Бұл саудада 3,6%, көлік қатынасында – 4,7%, жүріп-тұру мен тамақтану саласында 12,1%, қара металда 13%», - деді Р. Дәленов.
Дегенмен, негізгі салаларда өсім байқалады. Мәселен, құрылыс 11,7%, байланыс қызметтері 10,5%, өндіріс 5,8%, ауыл шаруашылығы 2,5%-ға өскен.
Өңдеу саласында, яғни фармацевтика өндірісіндегі көрсеткіш айтарлықтай өсім көрсетіп, 32,2 %-ға жоғарыған.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан