Зейнетақы қорынан алынатын 1,5 трлн теңге қайда жұмсалады

Автор: Еркежан Айтказина

Ақшаны игеру 2024-2025 жылдар аралығында жоспарланып отыр

Зейнетақы қорынан алынатын 1,5 триллион теңге нарықтық жағдайда және қайтарымдылық негізде ұзақмерзімді ірі жобаларға салынады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі LS-ке сілтеме жасап.

«Бәйтерек» ұлттық холдингі мен «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қорының облигацияларын БЖЗҚ сатып алады.

«Қазіргі уақытта әртараптандыру және экономикалық өсу мақсаттарына сәйкес келетін жобаларды іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ импортқа тәуелділікті азайтып, қазақстандық қамту үлесін арттыратын жобалар іске қосылмақ. Қаржыландыру 2024-2025 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жобаларды іріктеу арқылы жүзеге асырылады», - делінген Ұлттық банктің хабарламасында.

Бұл ретте жобаларды жүзеге асыру мерзімдері әртүрлі болғандықтан, «Бәйтерек» және «Самұрық-Қазына» облигациялары әр түрлі айналым мерзімімен 15 жылдан аспайтын уақыт ішінде сатылымға шығарылады.

«Бұл құралдар KASE-де орналастырылатын болады. Оларды сатып алуға барлық мүдделі инвесторлар қатыса алады. Облигациялардың өтеу мерзімі, сондай-ақ жылына кемінде бір рет төленетін купондық сыйақысы бар», - деп атап өтті Ұлттық банк.