Әл-Фараби, Құрманғазы және Сүйінбай коллекциялық монеталары айналымға шықты

Автор: Мира Байбек

Монеталар нтернет-дүкені арқылы сатылады

Фото: © Depositphotos.com/zhuzhu

Қазақстан Ұлттық банкі «Банкноталардағы портреттер» сериясынан Әл-Фараби, Құрманғазы және Сүйінбай коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2023 жылғы 8 желтоқсаннан бастап монеталар kazcoins.nationalbank.kz интернет-дүкені арқылы сатылады.  

«Жаңа монеталар 1993 жылғы үлгідегі Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы банкноталарының бірінші сериясының портреттік бейнелеріне арналған. Онда көрнекті тарихи тұлғалар – ғалым Әл-Фараби, айтыскер ақын Сүйінбай Аронұлы, күйші Құрманғазы, ғалым әрі этнограф Шоқан Уәлиханов, ақын әрі философ Абай, сондай-ақ қазақ хандары Әбілқайыр мен Абылай бейнеленген», - делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, 2011-2013 жылдары Әл-Фараби, Құрманғазы және Сүйінбай коллекциялық алтын монеталары айналымға шықты. Коллекционерлер мен халық тарапынан болған сұранысты ескере отырып, серия күміс және нейзильбер қоспасынан жасалған монеталармен толықтырылып отыр. 

Күміс монеталардың бейнесі

Монеталар:

  • әрқайсы 925/1000 сынамды күмістен, салмағы 31,1 грамм, диаметрі 38,61 мм, proof дайындау сапасымен, номиналы 500 теңгелік, таралымы 2 000 (екі мың) данада жасалды;
  • әрқайсы МНЦ 15-20 нейзильбер қоспасынан, массасы 11,17 грамм, диаметрі 31 мм, uncirculated дайындау сапасымен, номиналы 200 теңгелік, таралымы 50 000 (елу мың) данада жасалды.