Бүгін Ұлттық валюта – теңге күні

Автор: Аманалина Тоғжан

Бұл күн 1997 жылдан бері аталып келеді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Бүгін - Ұлттық валютамыздың айналымға енгізілген күні. 26 жыл бойы теңге тәуелсіздігіміздің кепілі ретінде экономикамызға қызмет етіп келеді. Қазақстанның теңгесінің номиналы 3 мәрте әлемнің ең үздік банкноты ретінде таңдалған еді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

ТЕҢГЕНІҢ ТАРИХЫ

1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекіткен. Қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалды.

1993 жылы алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. Теңгені елге тасымалдау үшін төрт ИЛ-86 ұшақтары Тұманды Альбион еліне 18 мәрте қатынады. Төл валютамыздың алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілген еді. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.

1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге айналымға енгізілді.

Ескі үлгідегі ақ­­ша­лар­ды Қазақстанның жаңа теңгесіне айыр­бастау 20 қараша күні аяқталды. Айналымнан жалпы сомасы 950 миллиард рубль алынып тасталды. Ұлттық валюта ұлттық экономикамыздың іргетасын қалауға ықпал етті.

Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға бекітілді.

1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты. Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді. Қазір банкнот - Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета - Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.

Ел Президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді. 2006 жылы 15 қарашада жаңа үлгідегі банкноттар айналысқа енгізілді.

Әлемнің банкнот коллекционерлерінің тәуелсіз бірлестігі болып табылатын Халықаралық банкнот қоғамдастығы жыл сайын интернет-дауыс беру арқылы жылдың ең үздік банкнотын таңдайтындығы белгілі. Дәл осы қоғамдастық «2011 жылғы ең үздік банкнот» атағын 2012 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10 000 теңгелік ескерткіш банкнотына берген болатын.

Келесі жылы да Ұлттық Банктің «Қазақ Елі» сериясынан номиналы 5000 теңгелік банкноты екінші рет «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді.

Ал Түркі жазба ескерткішіне арналған, номиналы 1 000 теңгелік «Kүлтегін» ескерткіш банкнотына берілген үшінші «2013 жылғы ең үздік банкнот» атағы Тәуелсіз Қазақстан жылнамасындағы тарихи маңызды сәт болды.  

IBNS марапатының тарихында бір елдің банкноттары қатарынан үш мәрте жеңіске жетуі – бір-ақ рет болған жайт (Канада мен Швейцария банкноттары екі реттен үздік атанған). 

ТЕҢГЕНІҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ

Экономист-сарапшы Қуанышбек Дүйсеновтың айтуынша, қазіргі уақытта ұлттық валютамыз теңге белгілі бір деңгейде сыртқы және ішкі факторларға байланысты 3,4%-ға, яғни АҚШ долларына шаққанда 474,99 теңгені құрап әлсіреп тұр.

«Дегенмен тарихқа көз жүгіртсек ұлттық валютамыз сыртқы да, ішкі де экономикалық соққыларға қарамастан гиперинфляцияға ұшырамай бірқалыпты өзінің негізгі функцияларын атқарып келе жатыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұлттық валютасы жоқ Қазақстан көршілес Ресейдің рубльдік аумағына қосылу алдында тұрғанда ел болашағы үшін көптеген тиімсіз шарт  пен мәселе туындаған еді. Сол кезде  экономикалық тұрғыда тәуелсіздігімізге кепілдікті осы ұлттық валютаның еңгізілуі әсер етті деп айтуға болады», - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, теңгенің  өзге валюталарға шаққанда әлсіреуін бірінші ретте ұлттық валютаның ел экономикасының индикаторы ретінде де бағалауға болады.

«Яғни, қай валютаға болмасын теңгенің өзгерісі, әрдайым Қазақстан экономикасының сырт елдердің импортына тәуелді екенін көрсетеді. Бірақ  қазіргі уақытта мұнай бағасы өсімімен теңгенің де күшеюі болатын тенденция байқалмайды. Бұл бірінші ретте жалпы АҚШ долларының күшеюіне орай деп айтылуда. Алайда алдағы уақытта бұл теңгенің 3,4%-ға әлсіреуін уақытша тренд деп бағалап, алдағы уақытта мұнай бағасы өсе берсе, төлем балансы тұрақталса, теңгенің әлсіреуін уақытша фактор деп атауға болады», - дейді Дүйсенов.

Маман Ұлттық банк 2008 жылғы дағдарыстан бері экономикада болып жүрген тербелістерде ұлттық валютаны өз қалыбында ұстап отыру үшін Ұлттық Қордан біршама қаражат алып жатқандығы көпшілікке мәлім екенін айтады.

«Алайда, соңғы уақыттағы Қазақстанның шет елдермен әртүрлі экономикалық келісімдері алдағы уақытта өз жемісін беретін болса, онда ұлттық валютамыздың алдағы жылда күшеюін күтсек болады. Сонымен қатар, елдегі ақша-несиелік саясатының күшеюі, базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейі, несиелерді берудегі талаптардың артуы белгілі бір деңгейде елдегі инфляцияны тежейді. Ол өз есебінен ұлттық валютаның тұрақтылығына әсер етеді деп айта аламыз», - деп түйіндеді сарапшы. 

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ