Теміржол, авиация саласында қызмет ететіндердің ешбірі жұмысынан шығарылмайды
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев аталмыш министрлік жетекшілік ететін салаларда ешкімнің жұмыстан қысқартылмайтынын айтты.
«Біздің министрлік жетекшілік ететін салаларда 700 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Үкімет тапсырмасы бойынша «АрселорМиттал», «Қазақмыс», «Қазмырыш» секілді алпауыт компаниялармен сөйлесіп, ешкімді жұмыстан қысқартпау туралы келісім жасадық. Қазіргідей жағдайда жұмыс күндері қысқаруы мүмкін, жарты күн жұмыс істеуі мүмкін. Бірақ ешкімді жұмыстан қумайды», - деді ол.
Қазақстанда теміржол саласында 125 мың шамасында адам жұмыс істейді екен.
«ҚТЖ және Air Astana, Scat және басқа да әуе компанияларымен келіссөз жүргіздік. Қазақстан теміржолында 125 мыңдай адам, әуе қатынасында 20 мыңдай адам істейді. Ешкімді жұмыстан шығармайды, бәрі орнында қалады», - деді Қайырбек Айтбайұлы.
Сондай-ақ вице-министр елімізде күн сайын 1 миллионнан астам маска өндіріліп жатқанын айтты.
«Қазақстанда күн сайын бір миллионнан астам маска өндіріледі. Ал тігін кәсіпорындары әзірлеген маскаларды жергілікті әкімшіліктер өздері үлестіреді. Дезинфекциялық құралдарға келетін болсақ, күн сайын 85 мың литрден астам тазалық сақтау құралдарын шығарамыз. Қоймада 158 мыңнан астам литр бар», - деді Қайырбек Сүлейменов.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан