Қаржы министрі екі айда 15 млрд теңгені қалай игермек?

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін сенаторлар Мәжіліс мақұлдаған «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қабылдады 

Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайловтың айтуынша, республикалық бюджеттің түсімдері 94,9 млрд теңгеге көбейген. Бұл қаражаттың  50 млрд теңгесі -  республикалық меншіктегі акциялардың мемлекеттік пакеттеріне түскен  дивиденттер, ал, 44,9 млрд теңгесі қосымша салық түсімдері. 

Әлихан Смайлов республикалық бюджеттен «Ауыл ел бесігі» атты аймақтық бағдарламаларға енді жыл сайын 30 млрд теңге бөлінетінін айтты. Биыл да  «Ауыл ел бесігі» бағдарламасының аясында 452 жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 30 млрд теңге бөлінген. Алайда, Ұлттық экономика министрлігі жыл басынан бері 15,8 млрд теңге берілген мәлім етті.  Әлихан Смайлов қалған 14,2 млрд теңгені жыл соңына дейін, яғни, небары 2,5 ай ішінде игереміз дейді. 

«Ауыл ел бесігі өте маңызды бағдарлама. Оған 30 млрд теңге қаралған. Жыл соңына дейін бұл соманы толығымен игеру үшін барлық күшімізді саламыз. Бұл жерде жобалық сметалық құжатты жасауда проблемалар болуы мүмкін, бірақ бұл жұмысты жүргізіп жатырмыз», - деді Қаржы министрі. 

Бұл қаражатты игерудің салмағы жергілікті атқарушы органның иығына түскен. Яғни, облыс әкімдері, ары қарай, аудан, ауыл әкімдері қаражатты өзара бөліп алады да, жыл соңына дейін емхана, спорт  алаңдарын, жолдар, құбырлар салу керек. Әлихан Смайлов нақты қай облыс, қай аудан қанша қаражат игермегенін айта алмады, бірақ, бүкіл аймақ бюджет соңынан ілесе алмай келе жатқанын жеткізді.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан