Пәтерді жалға алу арзандайды – жылжымайтын мүлік нарығындағы өзгерістер

Автор: Azattyq Rýhy

Қайта сауығу ұзаққа созылады

Қазақстан халқы коронавирус пандемиясына орай енгізілген төтенше жағдай кезеңінде екі апта уақытта артта қалдырды. Тіршілік тоқтап қалғандай күйде отырған оқырманның назарына тұрғын үй және коммерциялық нарықтағы қазіргі жағдай мен алдағы бірнеше айға арналған болжамды ұсынамыз. Жылжымайтын мүлік нарығында пікір білдіріп жүрген кәсіпқой мамандардың кеңестерін Azattyq Rýhy тілшісі тыңдаған еді.   

Жылжымайтын мүлік нарығында  алдағы 3-4 айда стагнация, яғни тоқырау кезеңі қалыптасады. Сарапшылар пікірі тұралау жылжымайтын мүліктің барлық секторында байқалады, соның ішінде тұрғын үй, коммерциялық жылжымайтын мүлік, жалға алу саласы үшін де оңай болмайды дегенге саяды.

БИЗНЕС САНАТТАҒЫ ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК БАҒАСЫ ҚЫМБАТТАЙДЫ

Жаңа салынып жатқан құрылыс саласы импорттық құрылыс материалдарына тәуелді болғандықтан, инфляцияның өсуіне байланысты міндетті түрде бағаның көтерілуі  байқалады. Элиталы және бизнес сыныптағы тұрғын үйлер бойынша бағаны ұстап тұру мүмкін емес. Себебі, құрылысқа қажетті шикізат пен дайын өнімдер шетелден тасымалданады. Бұл категориялар бойынша инфляциялық өзгерістерге байланысты үйлер қымбаттайды.

«Соңғы девальвацияға орай, бірініші және екінші сегменттегі (элиталы және бизнес сынып - авт.) жылжымайтын мүлік дәл қазірдің өзінде 6-7 пайызға дейін бағаны көтеріп үлгерді. Бізде доллардың теңгеге шаққандағы бағамы бір ай ішінде 16 пайызға өсті. Әрине жылжымайтын мүлік нарығында 16 пайызға дейін бағаның көтерілуі болады деп айта алмаймын. Десе де, құрылыс нарығындағы метариалдардың Қазақстанға кіргенде құны қанша болады, соған орай, жаңа үйлердің бағасының да көтерілуін күтуіміз керек», - дейді Е. Мүсірепов. 

Маманның айтуынша, 3-4 категориялы үйлер, яғни комфорт және эконом сыныпты жылжымайтын мүліктердің құны көтеріліп кетеді деуге негіз жоқ. Бұл санаттағы  баспаналар қазіргі бағасын сақтап қалады деген үміт басым. Ал мемлекеттік бағдарлама, мемлекет қазынасынан субсидия арқылы бөлінген қаржыға салынған үйлердің бағасы да бұрынғыдай қала береді.

«Қазір барлық жерде тоқырау, тұрғын үй нарығында да сату-сатып алу, сауда тоқтады. Сәуір айы толықтай осындай жағдайда болады. Содан соң карантин аяқталғаннан кейін осы күнге дейін басталған келісімшарттарды жүргізіп, аяқталмай қалған сату-сатып алу процедураларын аяқтауға мүмкіндік болады деп ойлаймын. Яғни, негізінен, «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі» бойынша жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар, «Нұрлы жер», «7-20-25» және өзге де мемлекеттің қатысуымен қолға алынған ипотекалық бағдарламалар жүзеге асырыла беретін болады. Десе де, ол да адамдардың қозғалысына байланысты екенін естен шығармау керек. Билік шектеулерді алып тастаса, адамдар да қарап жатпасы анық. Пәтерлерді көру, бағалау, келісім шарттарды жасау жалғасады», - дейді жылжымайтын мүлік нарығының маманы.

КЕҢЕС ЗАМАНЫНАН ҚАЛҒАН БАСПАНАҒА СҰРАНЫС ТӨМЕНДЕЙ БЕРМЕК

Ал екінші қолданыстағы, әсіресе Кеңес заманынан қалған тұрғын үйлер нарығында үйлердің бағасы түспесе, өспейтіні анық. Себебі, дәл қазіргі уақытта бұл салада келісімшарттар жасалып жатқан жоқ, сатылым мүлдем жоқ деуге болады. Оның үстіне, бірде-бір өкілетті органдар тіркеу жұмыстарын жүргізбейді. Соңғы жылдары «Хрущев заманындағы» баспаналарға деген сұраныс күрт төмендеген, оның орналасқан ауданына қарай бағасы да қалыптасқанын атап өткен жөн.  

«Карантин мерзімі аяқталған соң нарық стагнациялық жағдайда қала береді. Нарық қатысушылары динамиканың оң өзгеріске ұшырауын біраз күтуіне тура келеді. Бағаның көтерілуі немесе арзандауы экономиканың тез аяққа тұруына да байланысты. Жағдайдың бұрынғы қалыпқа түсуі үшін кем дегенде, 3-4 ай уақыт қажет. Дәл қазіргі уақытта кімде-кім пәтерді таңдап, алдын ала кепілақы төлеп қойса, оған алаңдаудың қажеті жоқ. Тек күтуден басқа амал жоқ, келісімшарт бәрібір жасалады, өмір жалғасады. Сабыр сақтап, алдағы күндерге сеніммен қараудан басқа жол көріп тұрғаным жоқ», - дейді сарапшы.

КОММЕРЦИЯЛЫҚ ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІКТЕР БОСАП ҚАЛАДЫ

Қазақстан Біріккен Риелторлар қауымдастығын басқаратын  Лариса Степаненко дағдарыс коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығына да қатты әсер етіп отырғанын айтады.  Қазір шағын және орта, ірі бизнес өкілдеріне елдегі ТЖ айтарлықтай соққы болып тиді. Себебі, арентаторлар үшін жалға алу құнын төлеуді ешкім шегерген жоқ. Егер жалға алушылар қажетті сауда немесе кеңсе алаңдарын мемлекеттік кәсіпорындардан арендаға алса, кәсіпкерлерді жалға алу құнынан уақытша босату туралы нұқсау бар. Ал қалған жеке секторда белгісіздік басым, дейді риелтор. 

«Коммерциялық салада, бизнес орталықтар, іскерлік кеңселер өз жұмыстарын мәжбүрлі түрде тоқтатты. Ендеше бұл жерде тараптар келісімшарттарды қайта қарап, өзара келісіп, форс-мажорлық жағдайдағы пункттерді қайта қарауға мәжбүр болып отыр. Меніңше, карантин аяқталған соң көптеген шағын және орта бизнес өкілдері өз қызметін тоқтатуы мүмкін немесе кәсіпорындарын жабады.  Арендаға алып отырған коммерциялық кеңселерін жауып, көше бастайды.  Ендеше жалға берушілер үшін де қиын кезеңдер болады деп ойлаймын. Арендаторларды қалай ұстап қаламын, табыстан айырылмаудың жолы қандай деген сұрақтарға бас ауыртып жатқандар көп.  Қазір коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығында тоқырау кезеңі  қалыптасты», - дейді қауымдастық президенті.

ПӘТЕРДІ ЖАЛҒА АЛУ АРЗАНДАЙДЫ

Тұрғын үй нарығында делдалдық қызмет атқаратын кеңсе мамандары ТЖ-ға байланысты тұрғын үйлерді жалға беру және жалға алу саласында да жағдайдың ұзақ уақытта оңалмайтынын айтады. Карантинге байланысты студенттер, келісімшартпен жұмыс істейтін шетелдік мамандар, өзге аймақтардан келіп жалданбалы еңбек ететін отандастардың дені қаладан кетіп қалды.

«Тиісінше, баспанасын жалға беріп, пайда тауып отырған ортаңқол халық үшін де жағдай қиындады. Жалға берушілер үшін де қазір дағдарыс кезеңі. Ендеше аренданың бағасы да түсуі заңдылық. Карантин аяқталған соң студенттер үшін демалыс кезеңі ары қарай жалғасады.  Жалға берілетін пәтерлерге жақын арада клиенттер табыла қоймайды. Жалға алу және жалға беру нарығынан пайда тауып жүргендер де күзге дейін каникул алады»,- дейді Лариса Степаненко.

Ал тұрғын үй нарығындағы сату және сатып алу мәселесіне келсек, бұл салада да толықтай «белгісіздік» кезеңі басталды. Нотариус қызметі тоқтады, карантиннің алғашқы күндері онлайн тәртібінде кепілақы алып, оны рәсімдеуге мүмкіндіктер болған еді. Дәл қазіргі уақытта адамдардың қозғалысы барынша шектелгендіктен, мемлекеттік тіркеу, рәсімдеу органдарының да жұмысына шектеулер қойылып отыр. Сондықтан барлық сұраныстар мен ұсыныстар карантиннің аяқталуын күтеді дейді маман.

«Жасыратыны жоқ, халық үшін үй сатып алу немесе баспанаға иелік ету екінші немесе үшінші орынға сырғып кетті. Нарық қалай құбылатынын уақыт көсетеді. Баспана бағасы көтерілуі мүмкін дегендер қателеседі. Керісінше баға төмендейді. Азаматтар басқа да тұрмыстық мәселелерге бас қатырып отырғанда, үйін сатушылар жағдайды бағамдап, баға саясатын да оңтайландыруға міндетті. Әдетте, доллар көтерілсе, бағаға да өзгеріс еніп, нарық өзін-өзі реттеп отыратын. Ал қазір жағдай мүлдем басқа. Баспанаға жақын арада сұраныс болмайды. Тұтынушылық сұраныс та  біршама ұйқыға кетеді», - деді Л. Степаненко.

Қазір риелторлар да елең-алаң күйде қалды. Баспана иелері соңғы девальвацияға байланысты бағаны көтеріп, қымбатшылыққа бейімделуге әрекет етіп жатыр. «Крыша», «Маркет» сияқты басылымдардағы пәтер немесе үй және жер телімдері туралы хабарландыруда бағалардың өсімі сезіледі. Алайда, сарапшылар бұл бос әурешілік, сатылым бәрібір бұрынғыдай болмайды деп есептейді.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы