$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.03.2020, 11:13
Экономика

Дағдарыс кезінде мемлекеттік сатып алу тек қазақстандық компаниялар арасында өтетін болды

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлім етті  

Дағдарыс кезінде мемлекеттік сатып алу тек қазақстандық компаниялар арасында өтетін болды

Әлихан Смайыловтың айтуынша, төтенше жағдайға байланысты аса қажетті тауарлар конкурсқа түспей, бір нүктеден сатылады. Сонымен қатар, ірі әрі маңызды сатып алулар тек Президенттің келісімімен жүзеге асады. 

«Дағдарыс жағдайы кезінде мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі қолданылмақ. Біріншіден, бұл кезеңде отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін мемлекеттік сатып алу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін тауарлар мен оларды өндірушілердің тізбесін айқындайды. Мұндай тауарларды мемлекеттік сатып алу ісі жедел және жеңілдетілген түрде тек отандық өндірушілер арасында ғана жүзеге асырылады. Бұл шара жұмыс істеп тұрған бизнесті қолдап қана қоймай, жаңа өндіріс ашуға да ынта береді.

Екіншіден, дағарыс жағдайында Үкіметке өте тез әрекет ету қажет. Мысалы, маска немесе қорғау құралдарын шұғыл сатып алу, аурухана салу және тағы басқа. Бұл ретте конкурстық рәсімдер алпыс күнге дейін созылуы мүмкін. Сондықтан жұмыс тобына бір нүктеден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізу үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді және жекелеген өнім берушілерді айқындау бойынша өкілеттілік беріледі. Бұл ретте ірі және маңызды сатып алулар Қазақстан Республикасының Президентімен келісіледі», - деді бүгін Үкімет отырысынан кейінгі брифингтен Әлихан Смайылов.

Осы сатып алулардан басқа, өзге мемлекеттік сатып алулар жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүзеге асады.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан 

Серіктес жаңалықтары