Қазақстанда бизнесмендердің несие төлемін кейінге шегеру ұсынылады

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл ұсынысты «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов берген

«Атамекен» ҰКП соңғы жағдайға (коронавирустың таралуы – авт.) байланысты шағын және орта бизнес, сондай-ақ ірі кәсіпорын өкілдерін алаңдатқан мәселелерді тыңдауға дайын екенін айтты. Сондай-ақ, палатаға келіп түскен барлық өтініштер негізінде Үкіметке ұсыныс әзірленіп, ол ұсыныс Министрлер кабинетінің келесі отырысында жария етіледі. Бұл туралы бүгін «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеді.

«Экономикаға, әлеуметтік жағдайға қиындық әкелетін екі жағдай болып тұр. Біреуі коронавирус, екіншісі,  негізгі экспорт көзіміз- мұнай бағасының құлдырауы. Осының бәрі қосылып экономикаға, шағын және орта бизнеске сын болғалы тұр», - деді Мырзахметов.

Дегенмен, Мырзахметов қазіргі ахуал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкіметтің бақылауында екенін жеткізіп, коронавирус жағдайында «материалдық шығыннан гөрі, халықтың денсаулығы, әрбір адамның өмірі қымбат» екенін еске салды.

Басқарма төрағасы түрлі қиындықтарға тап болған кәсіпкерлерді өздерін алаңдатқан кедергілер бойынша палатаға өтініш білдіруге, ақпарат беруге шақырды. Осы ақпараттар негізінде «Атамекен» палатасы мен Ұлттық экономика министрлігі Үкіметке бизнесті қолдаудың бірнеше пакетін ұсынбақ.

«Кеше өзіміздің шұғыл әрекет ететін штабымызды құрдық. Бір күн ішінде мыңнан аса кәсіпкерден сұрақ келді. Біздің өтінішіміз, шағын және орта кәсіп иелері, ірі кәсіпорындар колл-центрге, «Атамекен» палатасына хабарласып, өздері тап болған кедергілерді айтуы керек. Сол өтініштер негізінде біз Үкіметке бизнесті қолдаудың пакетін дайындап, ұсынамыз», - деді ол.

Абылай Мырзахметовтің алдын ала болжамы бойынша Үкіметке несие төлемін кейінге шегеру, салық, персоналдармен жұмыс сияқты бірнеше пакет ұсыныс жасалмақ.

«Бизнестің алаңдауын түсінеміз. Алайда, халық денсаулығы бәрінен де маңызды екенін ұмытпайық. Бұл шаралардың барлығы мәжбүрлі екенін түсінейік. Үкіметке бизнесмендердің несиелерін шегеру, салық каникулы сияқты мәселелерді қарастыруын сұрап, ұсыныс дайындаймыз», - деді Абылай Мырзахметов.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан