Қаржы министрі бюджетті игермеген министрліктерді атады

Автор: Аягөз Құрмаш

7 трлн теңгеге шығыстар жүргізілген

Фото ашық дереккөзден

Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджетті игермеген министрліктер туралы айтты, деп хабарлады Azattyq Ryhy.

«Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,6%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,0%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,6%-ке атқарылды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 7 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 72 млрд теңгені құрады, оның ішінде 16 млрд теңге – үнемдеу», - деді ол.

Жамаубаев атағандай, бюджеттің игерілмегені - 55 млрд теңге.

«Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары мәдениет және спорт, ақпарат және қоғамдық даму, экология және табиғи ресурстар, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері - шарттар жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу, нақты көрсетілген қызмет көлеміне төлем жүргізу, мемлекеттік сатып алу конкурстарының ұзақ өткізілуі, орындалған жұмыстардың актілері мен шот – фактуралардың уақтылы ұсынылмауы және басқалары», - деді Жамаубаев.