Алматы қаласының прокурорлары 17 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алудың күшін жойды

Автор: Azattyq Rýhy

9 мемлекеттік ұйымның басшыларына 5 млн теңгеге айыппұл салынған

Фото ашық дереккөзден

Жыл басынан бері Алматы қаласының прокурорлары 17 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алудың күшін жойды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Прокурорлардың актілері бойынша 17 млрд теңгеден астам сомаға 46 конкурс жойылды, 10 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 9 мемлекеттік ұйымның басшыларына 5 млн теңгеге айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Тапсырыс берушілер әлеуетті өнім берушілерге жоғары біліктілік талаптарын қойған, конкурстық құжаттаманы толық ұсынуды қамтамасыз етпеген, сатып алу тәсілін дұрыс таңдамаған. Осы жылдан бастап, мемлекеттік сатып алуды өткізудің ашықтығы, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында сатып алу тәсілдерінің бірі рейтингтік- балдық жүйе (РБЖ) қолданылады. Ол конкурсқа әсер ететін ұсыныстарды, критерийлерді автоматты түрде салыстырады және жеңімпазды комиссияның қатысуынсыз анықтайды, яғни адами факторсыз, өтінімдерді ұсыну мерзімі аяқталғаннан кейін мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттама қалыптастырады», - делінген хабарламада.

Қалалық прокуратура мониторинг арқылы тапсырыс берушілердің бірі автожолдар салу кезінде электрмен жабдықтау желілері саласында лицензияланатын қызметтің бір түрінің міндетті түрде болуы туралы кәсіпкерлерге негізсіз талаптар қойғанын анықтады.

«Бұл конкурс қорытындыларына әсер ету ретінде қарастырылады.

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша конкурс тоқтатылды, мемлекеттік сатып алуға қатысуға әлеуетті өнім берушілердің тең шарттарын сақтай отырып, қайтадан өткізілді», - делінген Алматы қаласының прокуратурасы таратқан хабарламада.