Қазақстан 1 жыл ішінде келісілген өндіріс көлемін сақтады
Қазақстан ОПЕК+ елдерімен әріптестік қарым-қатынаста және әлемдік мұнай нарығын тұрақтандыру саясатын ұстанады, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
«Энергетика министрі Н.Ноғаев бастаған қазақстандық делегация ОПЕК+ бірлескен министрлік мониторинг комитетінің 18-ші отырысына қатысты, онда әлемдік мұнай нарығын тұрақтандыру жөнінде тиісті ұсыныстар қаралды»,- делінген хабарламада.
6 наурыз қазақстандық делегация ОПЕК-ке мүше елдер мен мүше емес мемлекеттердің сегізінші министрлік кездесуіне қатысты. Мәжіліске қатысушылар әлемдік мұнай нарығын тұрақтандыруға бағытталған бірлескен шараларды талқылады. Отырыс қорытындысы бойынша Келісімге қатысушылар өзара тиімді әріптестік бойынша кеңес беруді ары қарай да жалғастыру жөнінде шешім қабылдады.
Еске сала кетсек, қазіргі ОПЕК+ келісімі бойынша ОПЕК+ елдерінен биылғы бірінші тоқсанның соңына дейін мұнай өндірудің жалпы көлемін тәулігіне 1,7 млн.баррельге азайту ұйғарылған. Бұл ретте 2018 жылдың желтоқсан айында қабылданған қолданыстағы келісім аясында Қазақстанның мұнай өндіру бойынша міндеттемесі тәулігіне 1,843 млн.баррель болып отыр.
«Айта кету керек, ол келісімге сай (2019 жыл қаңтар – 2020 жыл қаңтар) 13 айының қорытындысымен Қазақстан өзіне жүктелген міндеттемені орындады»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, сапар барысында Н.Ноғаев АЭХА Бас директоры Р.Гроссимен кездесті. Тараптар ҚР мен АЭХА арасындағы серіктестіктің маңызды мәселелерін талқылады, оның ішінде АЭХА-ның төмен байытылған уран Банкін пайдалану мәселесі де бар.