Ақшолақов жанар-жағармай бағасының өсу себебін түсіндірді

Автор: Аягөз Құрмаш

Елімізде АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасы 11%-ға, дизель отынының бағасы 20%-ға көтерілмек

Фото ашық дереккөзден

Жанармайға төмен бағаның сақталуы мұнай-газ саласына инвестиция тартуға мүмкіндік бермей отыр. Бұл туралы Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

«Ағымдағы төмен бағаларды сақтап отырсақ, біз қанша жанармай өндірсек те, барлық сұранысты қамтамасыз ете алмаймыз, бұл бір. Екінші, бағалар арасындағы айтарлықтай айырмашылыққа байланысты көрші елдерге «ағын» жалғаса береді, оның көлемі арта түседі. Ешқандай шектеулер күтілген нәтиже бермейтіні анық. Үшінші, жанармай бағасындағы диспропорция «көлеңкелі» нарықты дамытып, ұлттық экономикаға/мүддеге кері әсерін тигізеді», - деді Ақшолақов.

Оның айтуынша, жанармайға төмен бағаның сақталуы мұнай-газ саласына инвестиция тарту, оны дамытуға, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, ресурстық базаны толықтыруға мүмкіндік бермей отыр.

Елімізде АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасы 11%-ға, дизель отынының бағасы 20%-ға көтерілмек.