Қаржы министрі республикалық бюджетті ұлғайтудың мақсатын түсіндірді

Автор: Аягөз Құрмаш

Шығыстардың қосымша ұлғаюы 2,2 трлн теңгені құрап отыр 

Фото: kapital.kz

Сенатта «2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы» заң жобасы ұсынылды,деп хабарлайды Azattyq Ruhy

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет түсімдері 1,5 трлн теңгеге ұлғая отырып, 19,3 трлн теңгені құрайтынын айтты.

«Тапшылық жалпы ішкі өнімге 2,7% деңгейінде сақталды. Республикалық бюджеттің шығыстары 22,5 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Жалпы шығыстардың қосымша ұлғаюы 2,2 трлн теңгені құрады және келесі басым бағыттарды қамтиды. Мемлекет басшысының Жолдауы мен сайлауалды бағдарламасы шеңберінде айтылған бастамаларды, сондай-ақ өңірлерге жұмыс сапарлары кезінде берілген тапсырмаларды іске асыруға қосымша 2 трлн теңге бөлінеді», - деді Жамаубаев. 

Ол атағандай, бұл – өңірлерді қолдауға, ауыл шаруашылығын, көлік инфрақұрылымын және өңдеуші өнеркәсіпті одан ары дамытуға, сондай-ақ әлеуметтік саланың жекелеген бағыттарына көзделген шығыстар. 

«Сондай-ақ бұл бағыт аясында жылумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялау, электр энергетикасын дамытуға 144 млрд теңге, қорғаныс және азаматтық қорғауды қамтамасыз ету, оның ішінде өртке қарсы қызмет қызметкерлерінің жалақысын көтеруге, азаматтық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 126 млрд теңге, тұрғын үй сатып алу үшін қарыздар мен тұрғын үй жинақ салымдары бойынша сыйлықақылар беруге 92 млрд теңге көзделеді», - деді министр.