Доллар бір айда 15 теңгеге арзандады: ұлттық валютаның нығаюы уақытша құбылыс па?

Автор: Әйгерім Ердәулет

Қазақстан 74 млрд долларға экспорт жасады, ал импорт көлемі 44 млрд доллар болды

Фото ашық дереккөзден

Бүгін KASE қор биржасына 1 доллардың бағамы 447,28 теңге. kurs.kz-тың дерегінше Алматы мен Астанадағы ақша айырбастау пунктерінде америкалық валюта 450-452 теңге аралығында саудаланып жатыр. Ал соңғы бір айдың ішінде доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 15 теңгеге түсті. Экономистер теңгенің нығаюын уақытша құбылыс деп отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Экономист Сапарбай Жұбаев сөз басын доллардың арзандап кету себебінен бастады.

«Доллар 465 еді, бүгінгі күні 450-ге түсті. Анау айтқандай үлкен өзгеріс емес. Неге теңге аз болса да қуаттанып, теңгенің сатып алу қабілеті өсіп отыр? Негізгі себебі, біздің экспорттық көлеміміз 2022 жылы өте жоғары көрсеткішті көрсетті. 74 млрд долларға экспорт жасадық, импорт көлемі 44 млрд доллар болды. Экспортымыз 30 млрд долларға өсті, яғни валюталық түсім көбірек болды.

Бұдан бөлек, қызметтер балансы деген бар. Қазақстанның географиясы шетелге тікелей шығуға қолайсыздау, бізде теңізге шығатын жол жоқ. Сондықтан транспорттық шығын шынымен көбірек. Өткен жылы оған 12 млрд доллар төледік. Кең байтақ елімізден Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәлізі арқылы Орталық Азияға, Ресейге транспорттар жүреді, сол тасымал жолынан біз бар болғаны 6 млрд доллар пайда тапқанбыз. Осы жерде 6 млрд доллар минусқа кеткен. Сауда балансында 30 млрд доллар болса, 6 млрд доллар кетіп, 24 млрд доллар қалып тұр. Осының 20 млрд долларын біз дивиденттер, пайыздар есебінде төлейміз. Әр жылы әрқалай. Былтыр 14-16 млрд доллар төледік.

Сондай-ақ экономикада «ақшалар өткізу» деген бар. Шетелде балаларымызды оқытқанымыз үшін, демалу үшін т.б. қаржы үшін өткіземіз. Бізге де осылай ақша түсіп тұрады. Осылардың төлем балансы оң. Бізге 7 млрд доллар түссе, біз 6 млрд доллар өткіздік. Әрине, бұның оң болғаны біздің теңгенің қуаттануына әсер етеді. Егер бұлар теріс көрсеткішті көрсеткенде теңге 465 теңге болудың орнына 475-485-ке шығуы мүмкін еді. Негізгі себеп осылар», - дейді экономист Сапарбай Жобаев.

Ал сарапшы Мақсат Халық, доллардың арзандауына АҚШ-тың федералды резевтер жүйесінің қабылдаған шешімі мен ішкі нарықтағы салықтық кезең әсер етіп отыр деп есептейді.

«Американың федералды резевтер жүйесі доллардың кілтті пайыздық мөлшерлемесін 0,25 пайызға көтерді, оның алдында 0,75 пайызға қатты көтеріп келе жатқан. Сонда олар доллардың күшеюін өздері бәсеңдетті. Доллардың индексін кішкене түсірді және өзге елдердің валюталары, соның ішінде резервті валюталардың долларға қатысты күші артты. Бұл әлемдік дәрежедегі бірінші әсері.

Екінші әсер еткен жағдай, ішкі нарықта «салықтық кезең» деген бар. Компаниялардың бәрі есептерін, жылдық салықтарын жауып жатыр. Олардың бәрі жинақтарында тұрған долларларды теңгеге ауыстырып жатыр. Наурызға дейін олар есептерінің бәрі жасап бітеді. Осы жағдай да белгілі бір дәрежеде теңгеге күш беріп тұр деп айтуға болады. Одан бөлек рубльдің жағдайына қарасақ, қазір әлсірей бастаған сияқты. Осындай факторлар да әсер етеді», - деді экономист Мақсат Халық.

Сарапшы, доллардың әлсіреп, теңгенің күшеюі тек уақытша процесс деп отыр. Рубльдің құнсыздану теңгеге де әсер ететінін қозғап өтті.

«Рубль алдағы уақытта құнсыздана беруі мүмкін. Егер құнсыздана беретін болса, теңгеміз де белгілі бір дәрежеде әлсірейді. Қатты болмаса да рубльдің артынан еретіні сөзсіз», - деді ол.

Сапарбай Жобаев та көп ұзамай теңге қайта теңселе бастайды деп отыр. Бірақ одан мемлекеттің ұтылмайтынын алға тартты.  

«Алдағы уақытта доллардың күшеюі әбден мүмкін. Бұл ұзаққа созылмауы керек. Елге қалай әсер ететіні түсінікті. Қазіргі уақытта теңгенің сәл күшейіп тұрған сценарийін көріп тұрмыз. Теңгенің күшеюі жалпы мемлекеттің бюджеті үшін жақсы жағдай емес. Біз шетелге мұнай шығарамыз, мұнайдан түскен табыс біздің бюджетіміздің құраушы бөлшегі. Сонда бюджетті толтыру жағына келгенде біздің теңгенің қатты күшейіп бара жатқаны жақсылыққа әкелмейді.

Екінші жағынан шетелден әкелінетін тауарлардың қатты қымбаттай беруіне тосқауыл болады. Теңге әлсіреген сайын, импорттық тауарлар қымбаттай түседі. Оны импорттық инфляция дейміз.

Менің болжамым сол, бұл – уақытша құбылыс. Алдағы уақытта теңгенің әлсіреу сцеранийі орын алуы мүмкін», - дейді Сапарбай Жобаев.

Сөз арасында Қазақстанның экспорттаушы мемлекет екенін, тиісінше доллардың нығайғаны ел экономикасы үшін пайдалырақ екенін тілге тиек етіп өтті.

«Әрине, теңгенің төлем қабілетіне әсер ететін басқа да мәселелер бар. Мысалы, инвестициялық қаржылар. Бізге Орталық Азияның 60-70 пайыз инвестициясы Қазақстанға келеді дейді. Инвестициялық климатымыз жақсы дейміз. Осының әсерінен теңгеміз сәл де болса қуаттанды. Макроэкономикалық стратегиялық жағдайда теңгенің қуаттанғаны жақсы. Себебі халықтың қолындағы ақшасы, депозиті болса, доллармен санағандағы ақшасы көбейді. Сонымен бірге, біздің экономикамызда сатып алу қабілеті өседі, инвестиция салу көбейеді. Әдетте біз осыған әрекет жасаймыз.

Бірақ біз экспорттаушы мемлекетпіз, мұнай-газ, метал эспорттаймыз, басқа да тұтынатын заттарды шет мемлекеттерге шығарамыз. Мұндай кезде доллардың өскені пайдалы болмақ. 450 болғанның орнына 480 болғаны дұрыс еді. Себебі біз шетелге көп тауар шығарамыз. Доллар өссе, біздің бюджетке экспорттан түсетін түсім де көбейер еді» , - деді Сапарбай Жұбаев. 

Сарапшы Мақсат Халықтың айтуынша егер доллар қатты көтеріліп кетсе, Ұлттық банк теңгені тұрақтандыру үшін интервеция жасауы мүмкін. Яғни АҚШ валютасының бағамы 500 теңге жетсе, бас қаржы институты осы қадамға баруы ықтимал.