Екі облыс арасында жүк тасымалы Ертіс арқылы жүреді. Қазіргі уақытта өзен арнасын тереңдету жұмыстарының кешеуілдеуіне байланысты қиындықтар туындап тұр
Павлодар облысы мен Омбы облысы арасында проблемалардың бірі жүк тасымалының қиындығы. Былтыр екі ортада 120 мың тонна жүк жөнелтілсе, биыл бұл көрсеткіш 200 мың тоннаны құрады. Жүк тасымалы Ертіс өзені арнасына толған кезде ғана жүргізіледі. Өзеннің жұмыс учаскесіндегі нақты тереңдік - 135 сантиметр. Бұл навигациялық кезеңде жүк сыйымдылығы мың тоннаға дейін жететін кемелердің өтуіне мүмкіндік береді.
«Екі жыл бұрын біз Тюмень облысымен өзен жолы арқылы қиыршық тас жеткізу туралы меморандумға қол қойып, әріптестерге тиісті кен орнын да берген едік. Алайда, Ертіс өзенінің арнасын тереңдету жұмыстарының кешеуілдеуіне байланысты қиындықтар туындап тұр»,- деді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов.
Екі арадағы тауар айналымды тежеп тұрған тағы бір мәселе маусымдық кезеңдерде кеден бекеттеріндегі көлік кептелістерін айтуға болады. Сондай, ақ Павлодар мен Омбы арасында тұрақты авиабайланыс іске қосылған жоқ. Қос облыс орталығын жалғайтын әуе байланысы мемлекеттік шекарадағы жолаушылар айналымын азайтып, туризмнің дамуына оң әсер етер еді.
«Мәскеу мен Новосібірге ұшып барамыз, ал, Омбыға ұшақ қатынамайды. Мүмкін, кіші авиация ұшақтарын жіберуді қолға алу керек шығар? Жазғы кезеңде мұндай әуе рейсі екі өңірдің де тұрғындарының қызығушылығын тудырар еді»,- деді Бақауов.
Омбы облысының губернаторы Александр Бурков өзінің павлодарлық әріптесімен келісетінін айтты.