Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды
Биыл қаңтар айында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 5,6%-ті құрады. Оның ішінде нақты сектордағы өсім 2,3%-ті, ал қызмет көрсету саласында – 7,6%-ті көрсетіп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысына Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Тимур Жақсылықов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ең жоғары көрсеткішті сауда, ақпарат және байланыс, сондай-ақ құрылыс саласы көрсеткен.
«Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 18,3%-ті құрады. Инвестициялар ағыны өнеркәсіпте – 9,2%-ке, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 12,6%-ке, сондай-ақ ауыл шаруашылығында – 33,7%-ке, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 33,7%-ке, көлікте және қоймалауда – 31,8%-ке өсті»,- деді Тимур Жақсылықов.
Оның сөзінше, өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіштер Алматы, Ұлытау, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында байқалады.