«Проблемалық кредиттердің үлесі 509,1 млрд теңгеге өскен»: Агенттік AQR нәтижелерін ұсынды

Автор: Әйгерім Ердәулет

AQR – бұл активтердің нақты сапасын, жұмыс істемейтін кредиттер деңгейін жан-жақты бағалауға мүмкіндік беретін тәуекелге бағдарланған қадағалау құралдарының бірі

Фото ашық дереккөзден

Қазақстан банктерінде кредиттік тәуекелдің едәуір ұлғаю белгілері бар қарыздардың өсуі байқалады. Мұндай деректерді 2022 жылғы 1 қаңтардағы банк секторы активтерінің сапасын бағалау (AQR) нәтижелеріне арналған брифинг барысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Барлығы 10 банк зерттелген: Халық банкі, Kaspi Bank, Jusan Bank, ForteBank, Bank RBK, Home Credit Bank, Еуразиялық банк, Нұрбанк және Altyn Bank. Бұл тізімдегі қаржы институттары банк жүйесі активтерінің 71%-ын құрайды. AQR өткізу барысында 2022 жылы 15,2 трлн теңге сомаға 19 млн қарыз, оның ішінде 1 400-ден астам ірі қарыз алушы талданды. 

Олжас Қизатовтың айтуынша, кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешек көлемі жалпы несие портфелінің 32,5% -ын құрайды. Одан кейін шағын бизнес субъектілеріне берілген қарыздар – 18,8%, ал инвестициялық жобаларғды қаржыландыруға берілген займ– 17,3%-дың төңірегінде.

Бұл ретте проблемалық кредиттердің үлесі 11,5% - дан 14,8% - ға немесе 509,1 млрд теңгеге өсті. Сонымен қатар, стандартты қарыздар көлемі 1,3 трлн теңгеге қысқарған. Ал кредиттік тәуекелдің едәуір ұлғаю белгілері бар несиелер, керісінше, 805,3 млрд теңгеге немесе 2,8% - дан 8,1% - ға дейін өскен.

AQR – бұл активтердің нақты сапасын, жұмыс істемейтін кредиттер деңгейін, банктердің күтілетін кредиттік шығыны мен капиталының жеткіліктілігін жан-жақты бағалауға мүмкіндік беретін тәуекелге бағдарланған қадағалау құралдарының бірі.